Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Астанада Еуразиялық экономикалық одақ форумы басталды

Елорда бір сәтке жаһан елдерінің ордасына айналды. Астанада Еуразиялық экономикалық форумы басталды. Ауқымды шараға ТМД елдерінен бөлек, Куба сынды аралдан делегаттар арнайы келді. Алқалы жиында қандай мәселелер көтеріліп жатыр?

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Қайырлы күн, Ғалым! Еуразиялық одақ елдері де жасанды интеллектке қадам басты. Бесінші рет ұйымдастырылған ауқымды жиын осы тақырыпқа арналды. Бұдан былай Одаққа мүше елдердің сауда, шекара, салық мәселесін нейрожүйе реттейді. Жалпы, бас қаладағы Конгресс орталық ғимаратына жиналғандар бір мезетте 6 бірдей залда қатар пленарлық отырыстар өткізді. Көтерілген тақырыптар да сан қырлы. Ал Еуразиялық одақтың көкжиегі де бірте-бірте кеңейіп келеді. Енді одақтың Кариб бассейнінде де серіктесі бар.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа ғана қол қойған келісім — бұл Куба үкіметімен Еуразия экономикалық комиссиясы тарапынан қол қойылған іс-шаралар жоспары. Куба 2020 жылдан бастап осы одаққа бақылаушы ретінде кіргізілген. Сол бойынша алдағы іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Былтыр жұмысы аяқтады. Алдағы 2030 жылға дейін Одақ елдерімен жұмыс жоспары пысықталған.

Ал маңызды шара қатысушылары түске дейін жәй бой қыздырып алды деуге болады. Тараптар жаңа технологияны салаларға енгізу тақырыптары бойынша пікір алмасты. Десе де Одақ елдеріне мүше елдерімен де біздің алыс-беріс артып келеді. Қазірдің өзінде жүзден астам ортақ жобамыз бар.

ИРАН ШАРХАН, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Біздің ЕАЭО мемлекеттерімен бірлесіп 135 проект іске асырылды. 23 млрд теңгеден астам. Жалпы, қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша, соның ішінде барлық процестердің ішінде көзделіп тұр. Оның ішінде 135 проект тек үлкен жетістік деп ойлаймын. Жаңа атап айтқандай, жаңа орындар 30 мыңнан астам қамтылған. Бұл форум экономикамыздың дамуына серпін береді деп ойлаймын. Оған ешқандай күмән жоқ.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Ал форумдағы негізгі тақырыптар түстен кейін көтеріледі. Сол уақытта жиынның саяси салмағы да арта түседі. Себебі шараға Қ. Тоқаев пен В. Путин қатысады деген жоспар бар. Сондай-ақ сәлден соң Беларусь лидері Александр Лукашенко да Минсктен Астанаға ұшып келуі мүмкін. Бұдан бөлек Қырғызстан мен Армения лидерлері де Сарыарқа төріне атбасын бұрады. Одақ мүшелері толық құрамда маңызды тақырыптар бойынша ойларын ортаға салады. Ал форумда қозғалған өзге де мәселелер жөнінде кешкі жаңалықтарда тарқатып, егжей-тегжейлі айтып беремін. Мендегі бар ақпарат әзірге осы.

← Барлық жаңалықтар