Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Ата-аналар балаларымен бірге кітап оқудан жарысуда

Алматы облысында мектеп оқушылары кітап оқудан жарысып жатыр. Бір қызығы, бұған ата-аналар да қатысады. Биыл 16 мамырда Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Қазір кейбір мектептер осы тапсырманы орындауға кірісіп кетіпті.

АЙЗЕРЕ КӘКІМ, «ТҰЛҒАТАНУ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ:

Осы жоба аясында біз үш кітап оқыған болатынбыз. Әр кітап бойынша кездесулер ұйымдастырылды және сол сұрақтарға жауап берілді. Ата-ана мен бала арасындағы сенім көпірінің нығаюы маған ең ұнаған нәрсе болды. Себебі ата-ана мен бала осы кітапты оқыған сайын бір-біріне сұрақ қояды, сол сұраққа жауап алады және бір-бірімен байланысы күшейеді.

Ораз Жандосов атындағы мектеп ұйымдастырған «Тұлғатану» жобасына Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептерден 30-ға тарта отбасы қатысқан. Үміткерлер Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітаптарын оқыды. Оқып қана қоймай, не түйгенін, не түсінгенін тексеру үшін түрлі сұрақ қойылып, тапсырма беріледі.

МЕЙРАМГҮЛ ҚОНЫСБАЕВА, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Отбасымен кітап оқу бала тәрбиесіндегі ең басты құндылықтардың бірі. Бірігіп кітап оқу тек білім көзі ғана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын, жүрекке ой салатын, саналы ұрпақ қалыптастыратын тәрбие. Осы «Тұлғатану» жобасы арқылы ата-аналар мен балалар бірге кітап оқып, кейіпкерлер тағдырын талдап, өзара пікір алмасты.

← Барлық жаңалықтар