Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Мемлекеттік қызметке туысыңды тартуға жол жоқ

Ағам еді, көкем еді деп ағайын-туысты мемлекеттік қызметке тарту тағы қатаңдай түсті. Бұл туралы бүгін Сенатта Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңды түсіндірген ол шектеудің төрт түрі ұсынылғанын мәлімдеді. Мысалы, бұрын лауазымды қызметтегі басшы өзінің қоластына туған әке-шешесін, аға-қарындасын немесе әйелін жұмысқа ала алмайтын. Енді жаңа тәртіп бойынша ол адам өзі басқарып отырған құрылымның басқа бөлімдеріне де, тіпті алыс-жақын жамағайынын да орналастыра алмайды.

САЛАУАТ МҮКСІМОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекеттік орган болатын болса, аумақтық бөлімшелердің, демек жергілікті орган департамент басшылары да туыстық қатынаста болмауы тиіс. Оған қоса, ведомстволық басқа да бағынысты ұйымдардың басшылары да бірінші басшымен туыстық қатынаста болмауға тиіс. Заң басқа да шектеулерді көздейді. Мысалы, бұрын-соңды болмаған, бірінші басшының орынбасарлары өзінің бағынысты шеңберінде толықтай туыстық қатынас болмауы керек деп талап етіп отыр.

Бұл норма квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін белді қызметкерлерге де қатысты. Сондай-ақ, мақұлданған заңға сәйкес, бұдан былай пара беруге уәде ету де қылмыс деп танылады.

АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Пара беруге уәде ету немесе ұсыныс жасау үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін бұл норма ескерту, профилактикалық және заңсыз істің алдын алу сынды сипатқа ие болады. Сонымен қатар, мұндай жауапкершілікті енгізудің басты себебі – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастыру. Яғни, адамдар пара туралы айтуға, уәде беруге немесе ұсынуға болмайтынын түсінуге тиіс. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде қалыптасқан.

← Барлық жаңалықтар