Жасанды жаңбыр жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бастама көтерілгелі бері оның қоршаған ортаға әсері мен экологиялық қауіпсіздігі ел-жұрттың алаңдаушылығын тудырды. Бүгін бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтеріліп, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі үн қатты. Мансұр Ошурбаевтің айтуынша, қолдан жаудырылған әрбір тамшының құрамы жіті экологиялық талдаудан өтіп, бақылауда болады. Бұл әдіс табиғаттың тепе-теңдігін бұзбайды, керісінше, суы азайған айдындардың көлемін толықтыруға септігін тигізеді екен.
МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Экологиялық тұрғыдан бұл тәжірибе жан-жақты зерттеліп жатыр. Эксперимент аяқталғаннан кейін жауын-шашынға толық талдау жүргізіліп, оның қоршаған ортаға әсері анықталады. Жалпы, әлемдік тәжірибеде мұндай технология су қоймаларында тасқын кезінде жетіспей қалған су көлемін толықтыруға мүмкіндік беретін экологиялық қауіпсіз әдіс ретінде қарастырылады.
Қоршаған ортаға қатысты көтерілген тағы бір өзекті мәселе – қалдықтарды өңдеу. Депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, бұл бағытта еліміз 180 мемлекеттің ішінде 99-орында тұр. Жалпы, жыл сайын ауаға 4 миллион тонна зиянды зат тарап жатыр. Осы және өзге де түйткілдерді шешу мақсатында Мәжіліс экологияға қатысты тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдапты.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мұндай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база қажет. Осыған байланысты заң жобасы депутаттардың бастамасымен экологиялық заңнаманы жетілдіру, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жою, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында әзірленді.