Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Биылғы форумда қандай мәселе қаралып жатыр?

Бас қаладағы жасанды интеллектке арналған ауқымды форум жалғасып жатыр. Еуразиялық одақ мүшелерінің басын қосқан алқалы жиында алыс-жақын елдердің өзара сауда-саттық, ынтымақтастық тақырыбы да шарадан шет қалған жоқ. Қазақстан төрағалығымен басталған форумға байқаушы елдерден де арнайы делегаттар келіп, өз ойларын ортаға тастады.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Еуразиялық одақ елдері де жасанды интеллектіге бір табан жақындай түсті. Бесінші рет ұйымдастырылған дәл осы шарада жаңа технология мәселелері қаралды. Бұдан былай одақ мүшелері түрлі салалар, шекара, салық бойынша осы нейрожүйенің көмегіне жүгінеді. Ал, жалпы Конгресс орталығында басталған алқалы отырыста бір мезетте делегаттар алты бірдей залда пленарлық сессия өткізіп, маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Форум туралы сөз қозғағанда, келесі тақырыпты да айналып өтуге болмайды. Еуразиялық одақ мүшелері соңғы уақытта экономикалық державаға айналып келеді. Мысалы, барлық қатысушы мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің мөлшері 3 трлн доллардан асып жығылды. Бұл аз көрсеткіш емес. Тараптар өндіріс саласындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы бағыты да ерекше қарқын алған. Енді жиналғандар нейрожүйені де кәдеге жарату тетіктерін қарастырып көрмек.

АЛЕКСАНДР СУББОТИН, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ АЛҚА МҮШЕСІ:

Жасанды интеллект біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетеді. Бұдан бөлек, бизнес саласының да шаруасын өрге домалатады. Мәселен, тауарларды бір арнаға тоғыстыру, өндірілген заттың мазмұны жөнінде есеп беру, кез келген бағытты қағазбастылықтан құтқаруға септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа технология кедергілерді оңай еңсеруге көмектеседі.

Ал Еуразиялық одақтың көкжиегі де бірте-бірте кеңейіп келеді. Енді одақтың Кариб бассейнінде де серіктесі бар. Нақтырақ айтсақ, даму моделі мен алдын ала түзілген құжаттарға Бостандық аралының үкіметі ерекше қызығушылық танытты. Бұдан былай қос тарап 4 жылға есептелген келісімге қол қойды.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа ғана қол қойған келісім – бұл Куба үкіметімен Еуразия экономикалық комиссиясы тарапынан қол қойылған іс-шаралар жоспары. Куба 2020 жылдан бастап осы одаққа бақылаушы ретінде кіргізілген. Сол бойынша алдағы іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Былтыр жұмысы аяқталды. Алдағы 2030 жылға дейін одақ елдерімен жұмыс жоспары пысықталған.

Сондай-ақ тараптар жасанды интеллектіні әділет саласына кірістіру мәселесін талқылады. Дегенмен нейрожүйе қанша алға ілгерілесе де, бірқатар қарама-қайшылықтарға түрткі болып тұр. Мәселен, одақ арасындағы кедендік қызметтерде «ақылды сағаттардың» іске қосылуы да құқықтық мәселе бойынша сұрақтар туындатады екен. Ал Фемида өкілдері жаңа технологиядан туындайтын сұрақтар сот тәжірибесінде алғаш рет қаралуы мүмкін екенін растап отыр. Бірақ нейрожүйе бірқатар салалардың бойына қан жүгіртетіні сөзсіз.

ИРАН ШАРХАН, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жасанды интеллект мәселесі өте маңызды. Қазір біздің кәсіпорындар жол картасы бойынша әрбір ірі компанияға осы цифрландыру мәселелерін енгізіп жатырмыз. Яғни, бізде 7 ірі кәсіпорын бар. Металлургия, химия саласы, автомобиль құрастыру мәселелерінің бәрінде бұл бағыт қарастырылып жатыр.

Ал Ресей жөнінде айтсақ, солтүстіктегі көршіміз біздің негізгі стратегиялық серіктесіміздің бірі. Екі ел көлік-логистикасы арқылы ынтымақтастық орнатқан. Былтыр қос тарап темір жолдарымен 92 млн тонна жүк тасымалдапты. Ал қазақ мұнайының басым бөлігі Ресей арқылы шет елдерге жеткізіледі. Нақтырақ айтсақ, қара алтынның 93 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы әлемдік нарыққа шығып отыр. Бұдан бөлек, Ресей мұнайы да біздің жерімізді басып өтіп, Қытайға жеткізіледі. 2032 жылға дейін екі ел мұнай транзитін 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары бар.

← Барлық жаңалықтар