Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Бестік одақтың байланысы кеңейеді

Технология қарыштап жатқанда, заман игілігінен қалыс қалып жүрмейік. Қасым-Жомарт Тоқаев бестік одақтың саяси лидерлері мен өкілдерін өзара цифрлық әлеуетті нығайтуға шақырды. Мемлекет басшысының пайымынша, инновация игілігі кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сауда және логистика саласын серпілте түседі. Дәл қазір Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтіп жатқан саяси диалог алаңынан тілшіміз Бердібек Қарынбай тікелей байланысқа шықты.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Рахмет, Асаубек, бүгін ерекше күн. Өйткені осыдан 12 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың негізі қаланған болатын. Алдымен Қазақстан, Ресей мен Беларусь басшылары тарихи құжатқа қол қойып, мүшелікке өтсе, кейін бірлестік қатарына Армения мен Қырғыз Республикасы да қосылды.

Міне, бүгін Арқаның төрінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында бес елдің саяси лидерлері мен өкілдері жиналды. Мәртебелі меймандарды мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Алқалы басқосуда тараптарға ортақ міндеттер айқындалып, стратегиялық бағыттар егжей-тегжей талқыланып жатыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанның одақ елдеріне тауар экспорты екі есе өсіп, 10 миллиард долларға жеткен. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Сондай-ақ алқалы басқосуда экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Бұл одаққа мүше мемлекеттер арасындағы алыс-берісті оңтайландырып, құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді. Әзірге айтарым осы. Алқалы басқосудың басым тұстарын басты жаңалықтарда баяндаймын.

← Барлық жаңалықтар