Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Атырауда түйеқұс көбейіп жатыр

Атыраудың даласында түйеқұс жүр. Оны жергілікті тұрғын өсіріп отыр. Құсбегі осылай туристерді таң қалдырып, демалыс орнына келушілердің санын арттыруды мақсат тұтқан. Жүгіргенде сағатына 70 шақырымды оп-оңай еңсеретін экзотикалық қанаттыны күтіп-баптау қиын емес пе? Атыраулық азаматтың ауласында басқа қандай жан-жануар бар?

Африканың түйеқұстары Атырауды жатсынбапты. Заты экзотикалық қанатты болғанымен, ауыл жерінің климатына тез жерсінген. Әрі жем-шөп, күй талғамайтын көрінеді. Дәурен бұл шаруамен демалыс кешеніне келушілерді тарту мақсатында айналысқанын айтты. Қазір мұнда түйеқұстан бөлек, тауыс, күркетауық та бар. Болашақта олардың санын арттырсам дейді.

ДӘУРЕН ИМАНБАЙ, ҚҰС ӨСІРУШІ:

Алдырттық арнайы Шымкент қаласынан. Сол жақта осы түйеқұстарды шығаратын арнайы фабрика бар. Бұлардың үлкені, еркегі – бес жаста. Бұл түйеқұстардың ерекшелігі – бойлары ұзын болады, 2 метрден асады. Жүгіргенде 70 км/сағат. Тепкенде аттың күшімен тең тебеді.

Әкімдіктегілер де аймақта агротуризмге қызығушылық артқанын айтты. Туристер мұнайлы өлкенің табиғатын қызықтап қана қоймай, батыстағы ауылдың тіршілігімен, ондағы шаруашылықтармен танысқанды құп көреді екен.

Өткен жылы Атырау облысына 187 мың саяхатшы келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.

АЛИМА РАМАЗАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Өзіміздің осы туристік нысандарымызды, ішкі өңіраралық және халықаралық туристік нысандарға байланысты жарнамалау, насихаттауға қатысты жасалып жатқан жұмыстардың арқасында, сонымен қатар өңірдің тарихи-мәдени, экологиялық туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың жылдан-жылға артуында десек болады.

Аймақты қызықтап келушілер саны артқан сайын инфрақұрылым жағы да жақсарып келеді. Археологиялық қалашық Сарайшыққа баратын ауылішілік, Ақкегершін борлы тауы мен Иманқара үңгіріне баратын жол төселген. Қазір облыста 270 туристік нысан бар.

← Барлық жаңалықтар