Заң алдында сүрінгендерге екінші мүмкіндік берілмек. Елімізде қылмыстық және әкімшілік амнистия жариялау ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен Мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлеген. Соның негізінде тайғанақ тағдырында теріс басып, түзету мекемесіне тоғытылған 1,5 мың адамның жазасы жеңілдеуі мүмкін. Бұл өткеніне өкініп, өмірін өзгерткісі келетін азаматтарды қоғамға қайтарудың амалы. Қылмысқа жұмсақтық таныту емес, Президент айтқан жасампаздықтың жарқын көрінісі, дейді жауаптылар. Өйткені қайтып үйірін тапса, адасқанның айыбы жоқ. Айта кетерлігі, амнистия өткізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді. Себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген. Жалпы қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға арналған.
ЕРМЕК ШҮЛДЕН, ҚР ІІМ ЗАҢ МЕН НОРМА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ҮЙЛЕСТІРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Амнистияның күші террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттер, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, амнистия қылмысты қайталап жасаған адамдарға да жүрмейді.