Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Диплом қолда, жұмыс бар ма?

Жылына қаншама бала оқуға барып жатыр, қаншама бала дипломын алып жатыр, сандыққа салып жатыр, жұмыссыз қалып жатыр. Ондайлар толып жатыр, екінің бірінің айналасында болып жатыр. Әрең жеткен құжатың шаң басып қалса, төрт жыл бойы тауысқан көз майыңнан ұят, оқу ордасына сын, қазынаның сонша қаржысы кеткен грантқа обал.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Жуық күндері жоғары оқу орнын бітірген түлектер қолына диплом алады. Әрмен қарай көпшілігі жұмысқа тұруға асығады. Алайда мұндай жас мамандардың бірден қызметке орналасып кетуі екіталай. Өйткені көп мекеме тәжірибе сұрайды. Бірақ университетті енді бітірген жанда ол қайдан болсын? Соған қарамастан, жұмыс берушілер жас түлектерді еңбекке араластырудан неге қашады? Әлде мәселе жас мамандардың өзінде ме?

Кейіпкеріміз Маржан да оқу бітірген соң жұмыс таба алмай сандалғандардың бірі. Екі жыл бойы мамандығымен қызметке тұра алмаған. Қаражат қос бүйірден қысқан соң, қазір амалсыз дүкендердің бірінде сатушы болып жүр.

МАРЖАН ЕРГЕШ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қарағысы келген жоқ. Сосын екі-үш мектептерді көрдім. Ол жерде де солай ақша сұрайды. Болмаса, танысың бойынша кіргізеді. Сол себепті мен Жетісай қаласында көрген жоқпын. Астанаға келіп, Астанадан екі-үш мектептерге резюме тастап көрген едім. Ол жерден де отказ болды. Адам көп деген сияқты, солай.

Жастардың лезде жұмыс таба алмауына не себеп екенін алдымен экономистен сұрап көрдік. Рысжан Қабылқайратқызының сөзінше, бұл экономикалық теңсіздіктің салдарынан болуы мүмкін.

РЫСЖАН ҚАБЫЛҚАЙРАТҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Белгілі бір облыстарда кадрлық дефицит байқалса, белгілі бір аймақтарда кадрлық профицит байқалады. Яғни Алматы, Астана сияқты қалалардың айналасында агломерациялар өсіп келіп жатыр. Яғни бұл жерде халық саны артып жатыр, бірақ жұмыс орындарының саны сол халық санын қуып жетпеуі мүмкін. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс облыстарда керісінше жұмыс орындары босап жатуы мүмкін.

Ал HR маманы Сара Сәрсен компаниялар үшін қызмет тізгінін енді ұстаған маманды тәрбиелеп, оның қатарға қосылуы үлкен ресурс екенін айтты. Сондықтан олардың бұл мәселеде көбіне тәжірибесі бар адамдарға бүйрегі бұрып тұрады.

САРА СӘРСЕН, HR МАМАНЫ:

Өйткені жас мамандарды жетілдіру, оқыту, жаңадан жұмысқа кірістіру қиынға соғады. GEN Z деген зумерлерімізге қарасақ, олардың икемділігі немесе жұмысқа бірден кірісіп кетуі қиын. Сондықтан жұмыс берушілер өзінің уақытын жоғалудан қорқады деп ойлаймын. Екіншіден, қазақстандық университеттердің беріп жатқан білімі база болып танылады. Біздің жұмысқа келген соң оны бірден қолдана алмайды.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Әрине, жұмыс таппаған жастар қол қусырып құр жатпасы анық. Сондықтан Астана қаласында кәсіптік мамандыққа бейімдейтін осындай дүңгіршектер орналасқан. Сіз мұнда келіп ақыл-кеңес алып, тіпті тегін оқуға жазыла аласыз.

Бұл жоба әзірге тек елордада ғана жұмыс істейді. Менеджерлердің сөзінше, бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың біразы жұмысқа орналасып, кәсібін дөңгелеткен.

ЕРАСЫЛ ДІЛДӘЙЫМ, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

Жастардың арасында да бізде өте орасан зор сұраныс бар. Сұраныс көрініп тұр. Өйткені көбінесе осы цифрлық мамандықтар бойынша, яғни таргетолог, SMM, графикалық дизайн сияқты. Себебі бұл мамандықтар икемді және фриланс арқылы қосымша табыс табуға көмектеседі.

Сондай-ақ, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Жастар практикасы жобасы іске қосылған. Десек те, жоба жұмыс табуға кепілдік бермейді. Тек 12 ай ішінде тәжірибе жинақтауға жол ашады. Әрі сол мерзім ішінде тұрақты жалақы болады. Бірақ соған қарамастан, бүгінде оның тиімділігі арта түскен.

АЯУЛЫМ БЕРЕКЕНОВА, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жастар практикасына қатысушылардың арасында жұмысқа орналасу деңгейі өскен. Мысалы, 2023 жылы тек 48 пайызы Жастар практикасын аяқтаған соң жұмыс берушінің штатына жұмысқа тұрса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 61,5 пайызды құрап отыр.

Демек, жастардың жұмысқа орналасу мәселесі бір ғана себеппен шектелмейді. Бұған еңбек нарығындағы сұраныс, білім беру жүйесі мен жастардың өз таңдауы әсер ететінін байқадық. Бірақ кез келген іске бейім, еті тірі жандарға әрдайым жол ашық екенін ұмытпаған жөн. Ізденіс пен табандылық болса, диплом сөреде шаң басып жатпасы анық.

← Барлық жаңалықтар