Мазмұнға өту
· 6 қаралым

«Алатау сити» қалай дамиды?

Алматылықтардың өмірін жеңілдетіп, кептелісінен құтқаратын жаңа цифрлық шаһар Alatau City-ге артылған үміт мол. Жобаны дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы қаланың әлеуеті жайлы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau Smart City-ді салудың міндеттері мен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылықтың барын мәлімдеді. Бұл ретте бір емес, қос шенеуніктің олқылық жібергенін ашық айтып, аймаққа халықаралық инвесторларды тарту үшін жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Алатаумен аттас шаһар – сол асқардың шыңындай биік мақсаттарды көздейді. Қарабайыр қалыптан шыққан елді мекен Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қала мәртебесіне ие болмақ. Бір сөзбен айтқанда, мұнда smart city технологиялары енгізіліп, халықаралық іскерлік пен инновацияның орталығына айналады. Алатауды дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген Президент қала құрылысының қағидалары Ата заңға енгенін айтып, Алатауды құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Alatau City жобасы – шын мәнінде жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau City жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет.

Alatau City жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Себебі бұл – аса маңызды стратегиялық міндет, деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте жауаптылар сөзбұйдаға салмай, шұғыл әрекет етуі ауадай қажет. Өйткені халықаралық капитал күтіп тұрмайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды.

Қаланың атына заты сай болуы үшін инфрақұрылымында мәселе болмауы шарт. Дегенмен Алатауға іргелес кейбір ауылдардың жағдайы smart city тұжырымдамасына мүлдем сай келмейді. Тұрғындар тұрақты интернетті былай қойғанда, ауыз су мен сапалы жолға, жарыққа жарымай отыр, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Президент шенділерге шүйлікті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Alatau Smart City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын. Жалпы, жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе.

Алатау қаласы орын тепкен Алматы облысының дамуы қарқынды. Былтыр өңірдің жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өсіпті. Инвестиция тарту жұмысы да белсенді. Соған қарамастан, облыс орталығы Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатқанын айрықша атап, бүгінгі келбетін ашық сынады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет.

Қонаев қаласының инфрақұрылымын шұғыл ретке келтірумен қатар, Alatau City жобасына инвестиция тарту ісі де кезек күттірмейді. Бұл бағытта қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар жоспарланып қойған. Мемлекет басшысының мәліметінше, бүгінде құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Осы бастамалар аясында 50 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек. Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор. Өйткені Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді.

Alatau City жобасы құрылыс саласына, жалпы алғанда ел экономикасына серпін бермек. Сондықтан Президент сәулет жұмыстарын жүргізу үшін жер мәселесін де шұғыл шешуді бұйырды. Өйткені армандағы қалаға айналатын Алатауда 2050 жылы 2 млн адам тұруы мүмкін.

← Барлық жаңалықтар