Даңғазалық пен дарақылықтың көрінісі. Күні кеше мектеппен қоштасқан түлектердің гүл мен көлік жарысының қызуы әлі басыла қойған жоқ. Бұл мәселе бүгін Мәжілісте де көтерілді. Депутат Жарқынбек Амантайұлы мектеп қабырғасындағы мұндай көріністер жас ұрпақтың санасын улап, жалған бедел қалыптастыруы мүмкін дейді. Сондықтан ол Үкіметтен мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге арналған бірыңғай тәрбиелік стандарт әзірлеуді сұрады.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видеосы кеңінен тарады. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді. Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық.
Айта кетейін, Оқу-ағарту министрлігі түлектердің кортеж ұйымдастыруына, салтанатты кештерді мейрамханада, табиғат аясында тойлауға тыйым салған еді. Жергілікті мекемелермен бірлесіп, бұйрық та шығарған. Алайда Мәжіліс дәлізінде Ішкі істер вице-министрі бұл талапты полиция қадағаламайтынын жеткізді.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігінің талабын естідік. Біздің басты мақсатымыз – егер құқықбұзушылық фактілері болса, сол кезде ғана кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.