Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Атыраудағы қылмыс: сұмдық кадрлар көрсетілді

Бүгін Атыраудағы атышулы істің кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Тергеушілер түсірген таспалар сот залындағылардың төбе шашын тік тұрғызды. Марқұмдардың мәйітін қазып алып, мүрдесін моргте зерттеген сәт көрсетілді. Сондай-ақ қайын-жұртын жер жастандырып, шетелге қашпақ болған Сұлтан Сәрсемалиевтің әрекеттері әшкере болды. Жақсылық Жасұланұлы сот процесі жайлы айтып берсін.

Көрген жұрттың жағасын ұстатып, жақындарының жанарын жасқа шылатқан бейнежазба осы болды бүгін. Сарайдың еденінде жерленген ерлі-зайыптыны тәртіп сақшылары еппен қазып алыпты. Сот залындағылар жүрексінсе де, Сұлтан Сәрсемалиев қылмысына қымсынбайтын адамдай монитордан көзін алмады.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Қазу кезінде шұңқырдың ішінен 19 қаңтар 1961 жылы туылған Өтешқалиева Нәсіптің денесі анықталды. Аталған мүрденің үстінде көк түсті халат, көк түсті халаттың астында аяғында қызыл түсті шұлықтар киілген. Аталған мүрде қазылған шұңқырдан еден бетіне шығарылып, екінші объект болып бекітілді.

Сыртқа сыр алдырмай, болған жайттың тігісін жатқызу үшін барлығын телефонмен тындырыпты қаскөй. Қайынағасының атынан қырдағы малды әкелген азаматқа сиырларды қораға қамауды тапсырған.

КУӘГЕР:

Иә, WhatsApp-қа жазды. Наурыз осылай-осылай. «Мынау Бәкең мал әкеліп тұр ғой». Сонда айтқаны: «Қамасып жібер көрші, рақмет-рәқмет», – деп жазып жіберді деді. «Міне» деп көрсетті.

Кейін төрт түлікті бақтыру үшін жалшы тапқан. Күн сайын 3 мың теңге ақы төлеп, үш айға жуық қой-сиырды өргізіпті. Ақыры емге ақша керек деген желеумен соңғы саулығына дейін сатып жіберген екен.

КУӘГЕР:

Жазды ғой маған. «Ақша керек болып жатыр еді», – деп Наурыз. «Шешем ауырып жатыр еді. Соған операцияға ақша керек болып жатыр. Малды сатып бере аласың ба?» – деді. «Өзім мал алатын кісілерді жіберем» деді. «Тек көрсетіп жіберсең болды» деді. Сосын мал алатын кісілер келді. Өздері келісті екеуара.

Малдың ақшасын алғаны да, енесінің алтындарын арқалап ломбардқа барғаны да таспаға басылыпты. Сондай-ақ Шымкенттегі банкоматтан ақша шешкені, Қапланбек шекарасынан өткені көрсетілді. Бір қызығы, барлығында әйелімен бірге болыпты. Ақыры ерлі-зайыпты Индонезияда қолға түскен еді. Алайда ұсталған сәтте Ақбаян Мұқанғалиеваның айтқаны көптің көңілін күпті қылды.

АҚБАЯН МҰҚАНҒАЛИЕВА:

– Ата-анаңыз қайда?
– Ауылда.
– Қашан сөйлестіңіз соңғы рет? Байланыстыңыз ба?
– Иә, Индонезиядан шығатын кезде.
– Кіммен сөйлестіңіз?
– Ағаммен.
– Шығайын деп жатқанда деген қашан, қай күні? Кеше ме? Алдыңғы күні ме?
– Кеше таңертең.

Сансыз сараптамадан кейін де Ақбаян Мұқанғалиеваның ауытқуы бар-жоғын анықтай алмаған еді мамандар өткен аптада. Дегенмен қылмыс туралы хабарламағаны үшін тергелуі мүмкін. Ал таңнан бері ел құлағы түрік жүрген сот процесінде әлі талай сұмдықтың беті ашылары анық.

← Барлық жаңалықтар