Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Шомылу маусымында нені ескеру керек?

Ерке Есіл Астананы екіге бөліп жатыр. Еркелігі сол, қауіпсіздікті естен шығарғандар соған батып өліп жатыр. Былтыр елорданың өзінде екі бала мен бір ересек су түбіне кетті. Аптап ыстық басталса, ағайынның аңсары су айдындарына ауатыны заңдылық. Бас қалада жаздың бірінші күнінен шомылу маусымы басталды.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Жаз есігін айқара ашса, шомылу маусымы басталатыны сөзсіз. Дәл осы ретте біз бүгін елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы профилактикалық іс-шараға шықтық. Себебі дәл осы Есіл былтыр 3 жанның тағдырын тереңге тартып кетіпті. Биыл осы қателіктерді қайталамау үшін не істеу қажет? Бірге көрейік.

«Сақтансаң, сақтаймын». Әрдайым осы тәмсілді жадында ұстайтын құтқарушылар биыл да ерте қамданды. Олар қауіпті учаскелерде мобильді бекеттер құрып, күнделікті патрульдеуге көшкен. Ал қала аумағында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы орындар белгіленді. Өйтпеске болмайды. Былтыр жазда елорданың су айдындарына үш адам батып кеткен, екеуі бала. Бәрі тыйым салынған орындарда шомылған екен.

АЙБЕК ТАПАШ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта елордамызда шомылуға рұқсат етілген 5 аймақ бар. Сонымен қатар, шомылуға рұқсат етілмеген 21 аймақ анықталған. Рұқсат етілген аймақтардың біреуі – коммуналдық жағажай, ал төртеуі – жекеменшік жағажайлар. Қазіргі уақытта Есіл өзенінде таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін патрульдеу ұйымдастырылған. Патрульдеу күн сайын, үзіліссіз жүргізіледі. Оған 20 жеке құрам, 6 бірлік техника, 6 жүзу құралы және 1 квадроцикл жұмылдырылған.

Құтқарушылар қанша жерден сақадай сай тұрғанымен, судағы қауіпсіздікке ең алдымен әр азаматтың өзі, әсіресе ата-ана жауапты. Ал баланың қауіпті аймақта қараусыз жүруі тікелей үлкендердің салғырттығы. Мұндай немқұрайлылықтың соңы тек айыппұлмен ғана шектелмейді. Тәртіп сақшылары мен мамандар бала өміріне қауіп төндіргендерді заң аясында қатаң жазалауы да мүмкін.

АЙНА САЛИХОВА, ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ОРТАЛЫҒЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Кәмелетке толмағандарды тиісінше тәрбиелемеу үшін әкімшілік айыппұл қаупі бар. Ал егер мұндай жағдайлар қайталанса, ата-ана құқығын шектеу, сондай-ақ ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе туындауы мүмкін. Өкінішке қарай, балаларға арнайы мектепке жабылу қаупі төнеді. Мұндай мекемелер Қазақстан бойынша үш облыста ғана бар. Арнайы мектеп те жақсы жер емес, бұл да сол түрменің бір түрі.

Бізде адам өмірі үшін өз өмірін қиятын құтқарушылардың қызметімен жете танысып, эксперимент жасадық.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Құрметті көрермен, эксперимент жасайын деп тұрмын. Есілге батып жатқан адамның кейпін танытып құлаймын. Құтқарушылар қанша минутта құтқарады, бірге көрейік.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай, аз ғана минуттың ішінде құтқарушылар келіп, мені кемеге алып шықты. Жалпы, кез келген қауіп-қатерге дәл осы құтқарушылар дайын жүреді. Дегенмен сіздер өз қауіпсіздіктеріңіз үшін сақтық шараларын сақтағандарыңыз жөн.

Расымен де, мамандардың машығы мен техникасы сай-ақ. Бірақ мұндай жандардың барлық жерге бірдей аяғы жете бермейтінін естен шығармаған абзал. Ал ажал айтып келмейді, бейқамдықтың салдары орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Тәртіпке бағынып, тек рұқсат етілген жағажайда ғана шомылу – қауіпсіздігіміздің басты кепілі.

← Барлық жаңалықтар