Алматыда жаз шықпай жатып, судың проблемасы басталды. Бұл жолы мың отбасы бір айдан бері ыстық сусыз отыр. Ыдыс жуса да, шомылса да шәйнекпен қайнатады. Содан тоққа да екі есе төлеуге мәжбүр.
Зәулім-зәулім ғимаратты көріп қала дерсіз, бірақ іші құдды ауылдай. Жұрт бір айдан бері ыстық сусыз әбден әбігерге түскен. Ұйқыдан тұра сала тоқ шәйнегін қосады, шай ішсе жақсы, онысымен жуынады. Бірнеше рет қайнатқан соң тоқтың соры дейді. Ақшасы бары аптап ыстықта шомылу үшін моншаға баруға мәжбүр.
РУСЛАН ӘЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Тоқ шәугім қосамыз, екінші кастрюля қоямыз, электр плитаға. Сонымен су жылытамыз. Ең бірінші балаларды жуындырып реттеп, үйде үлкен кісілер бар, 80-нен асқан. Әке-шешеміз қолымызда. Ол кісілерге де қиын, мына ыстық мәселесі өте күрделі болып тұр.
Ыстық судың жоқтығынан тұрғындар балаларын аулаға да шығармайтын болған. Себебі жуындыру қиын дейді. Ал су ысытатын құрылғы орнатайын десе, мың пәтер жалғанған трансформатор көтермейтін көрінеді. Бұл тағы бірінші рет емес, жұрт қысты күні де жылусыз қалып, кәріп болған.
ХАЛЕЛ ТОЛЫМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Дрондарды үш мың км жерге ұшырып жатқан заманда сол бір насос неге табылмайды? Әкімге айтамыз: бауырым, не болды десек, ақша жоқ дейді. Ақша қайда кетті? Бәріміз төлеп жатырмыз. Оң қалтадан сол қалтаға кетіп жатыр. Мынау өртеніп кетті. Пожарный деген, контрольный дежурный деген болу керек қой.
«Аспан сити» тұрғын үй кешені 2020 жылы қолданысқа беріліпті. Көп отбасы әлеуметтік бағдарлама аясында ипотекаға рәсімдеген. Жылыту қазандығы Талғар аудандық әкімдігіне тиесілі. Былтыр өрт шығып, құрылғылары түгел өртеніп кетіпті. Содан бері бюджеттен қаражат бөлінбей, уақытша жөнделе береді. Сол аралықта халық ыстық сусыз, жылусыз қалады дейді жауаптылар.
МАҚСАТ НҰРМАНОВ, «АЛМАТЫОБЛЖЫЛУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ИНЖЕНЕРІ:
Құрылғының бәрін әкімшілік бюджеттен ақша бөліп, «Боран-буллермен» соглашение жасап, соны сатып алады. Қазір өшкен себебі – бұрын гарантийный письмо жазған әкімдік осындай құрылғы қойып беріңіздер, біз ақшасын төлейміз деп. Сол гарантийный письмоның срокы өткендіктен, поставщик был вынужден өшіруге.
Ал шулаған тұрғындарға шенеуніктер келіп, тағы уақытша ыстық суды жалғапты. Енді ол қашанға дейін шыдары белгісіз. Ал істен шыққан құрылғыға шетелге тапсырыс берген, онысы жеті айдан бері кешігіп жатқанға ұқсайды.