Мазмұнға өту
· 9 қаралым

LRT атауы «Тарлан Астана» деп өзгеруі мүмкін

Жақында ғана іске қосылған LRT-ның атауы өзгереді. Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында осы мәселе талқыланды. Шаһар әкімдігіне тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардан жеңіл рельсті көлік жүйесіне ресми атау беру жөнінде ұсыныстар жиі түсе бастапты. Мәселен, «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» деп атайық дегендер көп болыпты. Әрине, «LRT» деген сөзге де ел-жұрттың еті үйренген. Бірақ бұл тек техникалық-жобалық сипатқа ие. Сондықтан айтуға жеңіл, есте сақтауға оңай әрі қаланың келбетіне бейімделген әдемі атау берген жөн дейді мәслихаттағылар. Яғни Ванкувердегі SkyTrain, Рио-де-Жанейродағы SuperVia, Ресейдегі «Сапсан» секілді Астананың LRT-сы да бас қаланың брендіне айналуы тиіс деген пайымда депутаттар. Біраз талқылаудан соң жауаптылар Ер Тарғынның сәйгүлігі «Тарлан Астана» деген атауға тоқтауды жөн көрген.

ДОСЖАН ИСАБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ ІСІ БАСҚАРМАСЫ ММ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қорытындылай келе, комиссия мүшелері Astana LRT жеңіл рельсті көлік жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты қолдады. «Тарлан» сөзі қазақтың тарихи-мәдени дүниетанымымен тікелей байланысты. «Ер Тарғын» жырындағы Ер Тарғынның тұлпарымен, сондай-ақ кейбір деректерде Исатай Тайманұлының тұлпарымен байланысты. Қазақ дүниетанымында жылдамдық, еркіндік, күш-қуат, тектілік және сенімділік сияқты қасиеттерді білдіреді.

← Барлық жаңалықтар