Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Қарқаралының қымызында не құпия бар?

30 тонна қымыз құйылып, 20 мың халық тәнті болған фестиваль. Қарағанды облысында «Байқымыз-2026» байқауы өтіп, ұлттық сусын ұлықталды. Бұл жолғы сайыс Қарқаралы төрінде өткендіктен, сол өңірдің өзінен 27 қымыз баптаушы бақ сынады. Сондай-ақ Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарынан да қатысушылар келген.

ӘДІЛҒАЗЫ ӘНУАРҰЛЫ, ҚЫМЫЗ БАПТАУШЫ:

Шаруашылықта күніне 300-350 литр қымыз өндіреміз. Қазақстанның үлкен қалаларында сатылымда. Бұл екінші қатысуымыз. Былтыр гастрофестивальде «Күміс торсық» номинациясын жеңіп алғанбыз.

Фестивальге келушілер ақтан дәм татып, өздеріне ұнаған қымызға дауыс берді. Ақ шаңқан киіз үйлер тігілген этноауылды аралап, ұлттық спорт түрлерін, қолөнершілердің бұйымдарын тамашалады. Фестивальдің басты мақсаты – ең үздік сусынды анықтау. Көпшілік кеш қарайғанша осы сәтті асыға күтті. Осылайша іс-шарада халықтың дауысымен қоса, арнайы келген қазылар алқасының бағасы ескеріліп, Қарқаралының қымызы үздік деп танылды. Шаруа қожалығының иесі 5 млн теңгені қанжығаға байлады.

← Барлық жаңалықтар