Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Қызылорда облысында маньяк жүргені рас па?

Біздің ауылда маньяк жүр! Әлеуметтік желіде тараған осы ақпараттан соң Сыр еліндегілер сыртқа шығуға қорқып қалды. Қызылордалықтардың үрейін аймақтың екі ауданында тіркелген сұмдық қылмыс үдете түскен. Шиеліде оныншы сынып бітірген қыздың мәйіті судан табылса, Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің денесі құдықта жатқан. Мұны естіген бұқара маньяк бар дегенге шын сеніп, бетін шымшып отыр. Ал полициядағылар не айтты? Анықтап көрдік.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында үйінен шығып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылды. Бір тәулік бойы ізім-ғайым жоғалған жасөспірімді сол маңның тұрғындары айдында жалаңаш жатқан күйінде көрген. Қазір елді дүрліктірген жағаұстатарлық жағдайға байланысты полицейлер іс қозғады. Күдікті ретінде бір ер адам ұсталды.

АСЫЛБЕК БЕКСЕЙТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қыздың өліміне қатысты күдікті адам ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Ол Шиелі ауданының тұрғыны екені анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел тергеу шаралары жүргізілуде.

Адам өліміне қатысты тергеп-тексеру Жаңақорған ауданында да тіркелді. Жиырма жастағы Мейіржан Рүстемнің мәйіті су құдығының ішінен табылған. Марқұм жоғалмас бұрын ауладағы сәкіде түнеген екен. Себебі екі күн бұрын үйлеріне ұры түсіп, сейфте тұрған ақшаны алып кеткен көрінеді. Қылмыскерлер қайта келуі мүмкін деген Мейіржан сол күні далаға жатуды жөн көрген. Ал ертеңгісін ер жігіт жоғалып кеткен. Бір тәулік іздеуден соң жақындары оны құдықтың ішінен тауыпты.

КЕНЖЕ ДҮЙСЕНБИЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Көрпесі болады. Сол көрпеге тұншықтырған. Ол бір адамның ісі емес. Шығарып салар сәтінде баламды бір көріп қалайыншы дедім. Сол кезде көрдім, мына жерінің барлығы көгерген дақ тұр. Ол жаны демімен шығам дегенше алысқан ғой, бір-екі-үш адаммен алысқан ғой, ұрған.

Марқұмның отбасы тергеушілердің жұмысына көңілдері толмай отыр. Бірінші күдікті ретінде Мейіржан Рүстемнің әкесі қамалыпты. Одан соң оны жіберіп, құзырлы орган өкілдері тергеуге марқұмның кенже інісін алыпты.

ҒАНИ ЖҰППАРБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Ең әлсіз 15 жастағы баламды осы тұрғанда қамап отыр. Дәлел бар ма, жоқ па, айтпайды. Бес сағат оны қорқытады, әке-шешесіз. Балам қазір білмеймін не болып жатқанын. Соған келіп тұрмын, кеше де келгенмін, бүгін тағы да келіп тұрмын.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы өлі баласын жоқтаумен емес, тірі ұлдарын арашалаумен әлек. Айтуларынша, кенжелері бұл қылмысты жасамаған. Осы екі қылмыстан соң әлеуметтік желілерде «Қызылордада маньяк жүр» деген қауесет шықты. Полиция өкілдері мұның шындыққа жанаспайтынын айтып, жалған ақпарат таратқандар заңмен жауапқа тартылатынын жеткізеді.

← Барлық жаңалықтар