Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі. Елімізде дәл осы ұлттық сусынды дайындаушылардың фестивалі өтті. Қарқаралы төрінде дүркіреп өткен дүбірлі тойға әріптесіміз Маржан Нүсіпбек ат басын тіреп, бабы келіскен түрлі қымыздан дәм татып, бағы жанған жеңімпаздардың қуанышына ортақтасып қайтты.
30 тонна қымыз құйылып, қала мен дала халқы тәнті болған фестиваль. Қарағанды облысында «Байқымыз-2026» байқауы өтіп, ұлттық сусын ұлықталды. Фестивальдің басты мақсаты – ең үздік қымызды анықтау. Содан да болар, бұл жолы сайыс өткен Қарқаралы өңірінің 27 қымыз баптаушысы бақ сынады. Сондай-ақ Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарынан да қатысушылар келген.
ӘДІЛҒАЗЫ ӘНУАРҰЛЫ, ҚЫМЫЗ БАПТАУШЫ:
Шаруашылықта күніне 300-350 литр қымыз өндіреміз. Қазақстанның үлкен қалаларында сатылымда. Бұл екінші қатысуымыз. Былтыр гастрофестивальде «Күміс торсық» номинациясын жеңіп алғанбыз.
Ең қызығы, қымыздың бабын келтіріп жүргендердің арасында өзге ұлт өкілдері де бар.
АЛЕКСЕЙ ЕФРЕМОВ, ҚЫМЫЗ БАПТАУШЫ:
Я первый раз. Мен биыл бірінші рет қатысып жатырмын. Толқып тұрғаным рас. Осы жолы қатысқанымыздың өзі үлкен жеңіс деп ойлаймын. Келесі жолы өте жақсы дайындалып келеміз.
Ал осы жандарды қолдап келгендердің санында есеп жоқ. 20 мыңнан астам адам жиналып, бірі көршісінің, енді бірі ауданының абыройын асқақтатып жүр.
НҰРБОЛАТ АМАНТАЙ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз дауыс беріп те үлгердік. Қымыздың да, еттің де дәмін көрдік. Өзіміздің мекенмен салыстырдық. Керемет екен бұл жақ. Өзім Жаңаарқа өңірінен болғаннан кейін бірінші орынға екі жерді қоятын едім. Осы Қарқаралы өңірін және Жаңаарқаны.
Ал кейбірі фестивальді тамашалау үшін алыстан ат терлетіп арнайы келіпті.
ҒАЗИЗ ЖҰМАШЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өте тамаша үрдіс. Мұндай бұрын-соңды болмады ғой. Қазір міне қолға алынып жатқаны адамдарды қуантады. Жалғыз қымыз емес, қолөнер де көрсетіліп жатыр ана жақта.
Осылайша ұлттық асымыздың дәмін татып, дауыс беріп жатқан көпшілікке біз де ілестік. Бірнеше түрінен ішіп көрдік. Әр қымыз баптаушынікі өзінше ерекше екенін түсіндік.
МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:
Міне, дәл қазір мен Қарқаралының қымызынан дәм татамын. Жуас қымыз екені көрініп тұр. Дәмі таңдайда қалады екен.
Фестивальде қазақтың барлық ұлттық өнері бір арнаға тоғысты десек, артық болмас. Біреуі темірден түйін түйсе, балуандар ат үстінде белдесті. Әншілер мен бишілер сахнаның сәнін келтірді. Тағы бір кіл мықтылар сүйек сындырып, білек күшін сынады.
МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:
Бүгінгі фестиваль тек қымыз жарысы болып жатқан жоқ. Тазылар да өзара сайысып жатыр. Өңір-өңірден келген тазылардан міне, 11 нөмірлі тазымыз бірінші келді.
НҰРДӘУЛЕТ МЫРЗАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰМАЙ ТАЗЫ ЖӘНЕ ТӨБЕТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз «Байқымыз» фестивалі болады дегеннен бастап дайындалдық. Үздіксіз, күнделікті. Соның нәтижесін беріп отыр. Биыл төрт жарысқа қатыстық. Соның үшеуінде бірінші орын алдық. Біреуінде ғана жеңіліп қалдық. Мынау, құдай қаласа, бесінші жарысы.
Айта кетейін, қымыз додасы елімізде екінші рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылар бұл жоба ең алдымен халықтың ұлттық дүниетанымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталғанын айтты. Алдағы уақытқа да жоспар айқын.
ЖҰМАЖАН ҚАЛТАЕВ, BAIQYMYZ ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:
Үшіншісі Астанада болады. Ол халықаралық болады деп ойлап отырмыз. Өйткені қымызшылардан қырғыздар, сахалар келсе, бұл халықаралық болып шығады. Мұның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық тағамға деген құрметіміз. Ең бірінші, жылқыға деген құрметіміз.
Осылайша көпшілік кеш қарайғанша көңіл көтеріп, жарыс жеңімпазы кім болар екен деп тағатсыздана күтті. Халықтың дауысымен қоса, арнайы келген қазылар алқасының бағасы ескеріліп, Қарқаралының қымызы үздік деп танылды. Шаруа қожалығының иесі 5 млн теңгені қанжығаға байлады.