Қазақ итті сән үшін емес, адал дос, айнымас серігі ретінде баптаған. Саят құрғанда жанынан табылып, қотандағы қойға ит-құсты жолатпай, тіпті өріске жайып, кешке айдап әкелетін тазы мен төбеттің орны біз үшін бөлек. Бүгін сол мұра ұлықталатын айтулы мереке. Елімізде алғаш рет асыл тұқымды иттеріміз ардақталып, ресми мереке ретінде тойлануда. Іс-шаралар елімізде ғана емес, Еуропа төрінде де ұйымдастырылып жатыр.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Қашқан төрт аяқты құтылмайтын қазақтың құмай тазысы жеті қазынаның бірі саналады. Бүгін осы бір құндылығымыз Астанада ұлықталып жатыр. Бұл жерге кәнігі ит баптаушылар ең мықты тазыларын ала келген. Талай көрмелерде төбе көрсетіп, топ жарған асыл тұқымды иттер көпшілік назарына ұсынылуда.
Астаналық Аян Досыманов саятшылық өнерге бала кезінен әуес. Тазы баптауды атасынан үйреніпті. Осылайша, бабалардың бекзада кәсібіне ден қойып, 20 жылдан бері таза қанды құмайдың сақталуына күш салып келеді. Ал қолындағы қос тазысы сол талапқа сай. Аң-құсты тұйғындай қағып алады, дейді.
АЯН ДОСЫМАНОВ, ИТ БАПТАУШЫ:
Қарсақ, борсыққа түсіремін. Көбінесе, шалшық судағы. Аңшылыққа деген ерекшелігі бар. Бітімі, түрі, тұмсығы, құйрығы. Шашақ құлақ, мысалы. Тісінде айырмашылығы бар. Тазы деген сондай. Жазда біз бұларды қинамаймыз, күн ыстықта. Шілденің аяғында біз жүгірте бастаймыз. Формасына келтіріп.
Алдыңғы буын өкілі Серік Аутаев та ата мұрамызды ардақтап жүргендердің бірі. Айтуынша, құмай тазының текті бітімін, сыр-сипатын келбетіне қарап аңғаруға болады. Дегенмен оның шынайы қасиеті даладағы қабілетінен танылады.
СЕРІК АУТАЕВ, «АСЫЛ ҚАЗЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұның ерекшелігі – басқа нелерге қарағанда, мысалы, орыстың борзыйына, грейге, хортыйға қарағанда, бұл тазы аңды өзі іздеп, өзі көтеріп, өзі аулайды. Қазіргі күнде, осы міне, 3 жыл болды. Үлкен деңгейге көтерілді. Мерейі де көтерілді. Неге десеңіздер, шет мемлекеттерде біздің тазылар сайысқа түсіп жатыр. Өздерін көрсетіп. Қазіргі күні Көшпенділер ойыны жүріп жатыр. Біздің ұйымның 3 тазысы осы Қазақстанның намысын қорғап жатыр.
Кейіпкеріміз 10 жыл бұрын жанашыр азаматтармен бірлесіп, «Асыл қазына» қорын құруға бастамашы болыпты. «Қазір ауламда 14 тазым бар», дейді.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Бұл Серік Аутаев баптайтын Шие атты тазы. Иесінің айтуынша, арғы тегі көкшетаулық, кезінде аты дүркіреп тұрған Таймас атты арланның күшігі. Келбеті келісті саққұлақ талай көрмелердің жеңімпазы. Бірнеше жыл бұрын, небәрі 1 жасында үздік деп танылған екен.
Иә, бүгінде еліміздің әр аймағында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, арнайы көрмелер де өткізіліп тұрады. Дәл сол жерде тазылардың талапқа, яғни бекітілген стандарттарға сай екендігі анықталады. Бірақ ол біз ойлағандай оңай шаруа емес.
БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иттің таза қанды екенін анықтау үшін арғы тегі қандай болғанын зерттейміз. Кейін оның стандартқа сай екенін растайтын құжаттар беріледі. Сол бойынша шежіре түзіледі. Бұл асылдандыру жұмысының ажырамас бөлігі. Қарапайым адам үшін иттің сырт келбетінде мін болмауы мүмкін. Тазыға ұқсағанымен, кейін одан мүлде басқа тұқымның күшігі тууы мүмкін.
Бүгінде 4 мыңға жуық таза қанды тазы анықталып, Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды кітабына тіркелген. Бауыржан Серікқалидің айтуынша, мұндай иттердің ұзын саны одан да көп болуы мүмкін.
БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әлі тіркеуден өтпеген иттер де бар. Әсіресе, ауылдарда немесе шалғай елді мекендерде болуы әбден мүмкін. Негізінен, аң аулап, мал бағып жүрген ең таза тазылар да дәл сондай жерлерде. Қазір аймақтарды аралап, стандартқа сай келетін иттерді анықтау және оларды құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша, біз бұл базаны ұдайы толықтырып отырамыз.
Асыл тұқымды иттерді сақтаудың мәні оның санын көбейтумен шектелмейді. Басты мақсат – тазыға тән қасиеттерді жоғалтпау. Бұл іске Мемлекет басшысы да бастамашы болып, ұлттық құндылығымызды әлемде дәріптеуді тапсырған еді. Нәтижесінде арнайы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан жері ретінде бекітілгені де жұртшылыққа мәлім. Бұл бірегей мұрамызды жаһанға танытуға септігін тигізері анық.