Мазмұнға өту
· 8 қаралым

4 ауылдың халқы сусыз қалған

Алматы облысында төрт бірдей ауыл аптапта ауыз сусыз отыр. 20 мыңға жуық жан алып компанияның 1 миллиардтан астам қарызының кесірінен судан ада қалған. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрттың аңқасы кепкені былай тұрсын, ауладан әжетхана қазып, әлек болып жүр.

Алмалыбақ ауылының көшесінде бөтелке құшақтаған тұрғын көп. Ақшасы бары дүкеннен сатып алса, қалғаны авто жуу бекеттерін жағалап жүр. Бір ұрттам суға зар болған жұрт балаларын балабақшаға да жібере алмай отыр, себебі киімнің бәрі жуылмай үйіліп қалды дейді. Ол да ештеңе емес, жер үйдегілер әйтеуір амал жасаса, көпқабатты үйдегілер дәретханаға бару мұңға айналғанын айтады.

АЛТЫНШАШ БАЙЫМБЕТОВА, АЛМАЛЫБАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сатып алып ішіп отырмыз. Сатып алған су қаншалықты жетеді? Үйде адам басы 5-6. Су тапшы өте. Және автомойкалардан сұраймыз, кішкене су берші деп. Және көпқабаттыдағы үйлер дәретханаға қалай барып жатыр білмеймін, кеше өз күшімізбен дәретхана қазып жатырмыз деді. Оның өзі қазіргі заманда ақылды үйлер салып жатқан кезде мына судың жоқтығы білмеймін.

Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық округіне төрт елді мекен кіреді. 20 мың тұрғыны бар. Су бір мезетте еш ескертусіз бәрінде бірдей өшкен. Ал ауылдықтарды 12 жылдан бері жекеменшік компания сумен қамтамасыз етеді. Өзі би, өзі қожа мердігер ай сайын тариф құнын көтеріп, қазір текше метрі 190 теңгеге жеткен. Жұрт оны да үздіксіз төлейді, бірақ компания су ұңғымаларын бақылап, жылда жөндеуден өткізбейді деп қапалы.

ШАРА БЕКМАНБЕТОВА, АЛМАЛЫБАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр насостарымыз күйіп кетіп жатыр деп, сондықтан су тоқтатылады деді. График қойды. Жарайды деп, күніне екі сағат қана беріп отырды. Оған да көндік, жаздай болды. Көктем басталғалы, жаңбыр басталғалы трубалар жарыла бастады, тағы да тоқтатылды. Бес күн болды судың жоғына. Водовозбен әкеліп жатыр. Бір водовоз бүкіл ауылға. Жалпақсай ауылы бар. Ол кеше ғана келді.

АЙЖАН ХАМАРОВА, АЛМАЛЫБАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Проблемасы бізде «Биаш Транс» деген компаниясы сумен қамтамасыз ететін, солар суды өшіріп тастаған. Айтады, біздің Қарасай ауданының қарызы бар деп. Біздің тұрғындар ай сайын уақытымен ақшасын төлеп жатыр. Ол қайда сонда? Ол ақша қайда кетіп жатыр? Ол ақшаны не істеп жатыр бәрін? Біреудің қарызы үшін халық қиналып жатыр. Біз сонда не істеуіміз керек?

Үш ұңғымадағы су сорғыш жарықпен жұмыс істейді. Ал мердігер тоқ үлестіріп отырған компанияға 1 млрд 140 млн теңге қарыз. Жылдар бойы жиналған берешекті бермеген соң, олар жарықты үзіп кетіпті. Шенділер өздігінен мәселені ертерек шешейін десе, демалыс күніне түсті дейді.

КАМШАТ ҚАСЫМБЕКОВА, ҰМТЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ:

Алмалыбақ ауылында сенбі күні түнде су өшті. Себебі жоғарғы су ұңғымасында насоспен ақаулықтар шықты. Оны жөндеп бастағаннан кейін демалыс күніне түсіп қалуына байланысты демалыста жасаған жоқ. Дүйсенбі күні дебютерлік қарызға байланысты светін өшіріп тастады. Сол себепті су болған жоқ. Енді светі берілгенімен, насостың ақаулығын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ғой.

Қазір жауапсыз компаниямен әкімдік соттасып жатыр. Басқа мердігерге ұңғымаларды өткізіп, бар мәселе шешіледі деп отыр. Ал 70 жыл болған кәріз құбырларын жаңа бағдарлама арқылы алдағы жылдары жөндемек.

← Барлық жаңалықтар