Мазмұнға өту
· 7 қаралым

8 миллиард теңгені шашау шығармай жаратамыз

Алматыдан Нарынқолға аттанған ағайынның ашуы басылатын күн жақын. Орта Меркі, Шет Меркі, Кеген деген жер көркі деп ауылды сағынып, бір жағынан көлігін аяп әрең жүретін жолаушылар қазан айынан бастап жол азабынан құтылады-мыс. Жауаптылар егемендік алғалы елді шулатқан трассаның жағдайын биыл күзде дұрыстаймыз деп уәде берді. Жұмыстар қалай жүріп жатыр? Қар түспей қара жолды қалпына келтіріп үлгере ме?

Жол азабын жүрген біледі демекші, Алматы облысында шалғайда жатқан Райымбек ауданы тұрғындарының жан айқайы билікке жетті. Өйткені екі араны жалғап жатқан тас жол 30 жылдан астам уақыттан бері күрделі жөндеу көрмей, тек шұрық-тесігі ғана жамалатын. Соның салдарынан жұртшылық 5-6 сағат жүріп, Алматыға әзер жетеді. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері бұл жолды екі жыл бұрын аяқтап береміз деп уәде берген еді.

БЕК ҚОЙЛЫБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алты сағатта баратынбыз. Мен өзім қатты айдамаймын. Қазір бір сағат қысқарды. 5 сағатта баратын болдық. Соның өзі бізге үлкен мүмкіндік. Арғы Көртоғайды жөндеді, бергі Кегенді жөндеді. Мына Нарынқолдың бер жағы шығып жатыр. Соның өзі бізге бір сағаттық жолды үнемдеп тұр. Егер толық бітетін болса, бір сағат, екі сағатты үнемдейміз деп ойлаймын.

Мердігер мекеме биыл ерте көктемнен бастап кірісіп кетіпті. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарына 70 жуық жұмысшы мен 50 тарта техника жұмылдырылған. 74 шақырымға созылған күре жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазынадан 8 миллиард теңге бөлінген.

ҚАНАТ ӘБІЛҚАЙЫРОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі күнге 74 шақырым жолдың 53 км жолының негізі салынған және 52 км асфальт-бетон қабатының астыңғы қабаты салынған. Ол осы жалпы көлемнің 70 пайыздан астам көлемін құрайды. Сонымен қатар осы жобаны іске асыру үшін екі асфальт-бетон зауыт пен үш қиыршық тас шығаратын зауыт осында жұмылдырылған.

Сәуір айында еріген қар суы «Кеген-Нарынқол» тас жолының 20 шақырымын шайып кетіп, жолдың бір бөлігі бұзылған болатын. Салдарынан көлік қатынасы қиындады. Уақытша айналма жол салған мердігер бұл учаскені пайдалануға беріпті. Облыс басшылығы мердігер мекеме жерге қаратпайды деген сенімде.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жол келсе, инвестиция да тартылады. Турист те келеді. Жол келсе, қызығушылық та болады. Сол себепті Райымбек ауданынан келетін жолды жолжөнекей өздеріңіз көрдіңіздер. Қазір жұмыстары жүріп жатыр. Осы биыл қазан айында бітіреміз деп «ҚазАвтоЖол» жоспарлап жатыр. Ол бітсе, ары қарай келесі жылы Нарынқолға келіп-кету бұдан әрі жеңіл болады.

Жалпы «ҚазАвтоЖол» мекемесі Кеген мен Нарынқол арасын 2022 жылы жөндеп береміз деп сендірген еді. Бірақ аудан, облыс басшыларының өтінішін елемеген ұлттық компания мәселеге парламент депутаттары араласқаннан кейін ғана қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын қолға алды.

← Барлық жаңалықтар