Жетісу облысында досының шаңырағына қонаққа келген ерлі-зайыптылардың балалары тірідей жетім қалды. Текелідегі сырамен басталған кештің соңы трагедиямен аяқталды. Куәгерлердің сөзінше, дастарқан басында қатты қызып қалған қос жұптың арасында аяқ асты жанжал шыққан. Сол кезде қолына пышақ алған әйел күйеуін өлтіріп қойыпты.
ТАТЬЯНА КОНСТАНТИНОВА, КУӘГЕР:
Әйел мына жерде тұрып, қолындағы пышақты оңды-солды сермей жөнелді. Бір сәтте күйеуі қасында тұрған орындықпен әйелін бір ұрып, тас-талқанын шығарды. Негізі, төбелесті бірінші болып күйеуінің өзі бастаған. Бірақ не үшін екенін түсінбедім. Көп ұзамай күйеуі осы арада мойынын ұстап, қансырап тұрып: «Жедел жәрдем шақырыңдар!» деп айқайлады. Содан кейін сәлден соң жерге сұлап түсті, еденнің бәрі қанға боялды. Көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты.
Қазір 45 жастағы азаматтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал бұл қайғылы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желідегілердің кейбірі келіншекке араша түсуде. Көпшілік оның көпбалалы ана екенін және жылдар бойы отбасылық зорлық-зомбылықтан көз ашпағанын айтуда. Қазір күдікті Талдықорғандағы изоляторға қамалған.
ЖАНАР КАЛЫКОВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Істің барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері атқарылуда. Түпкілікті процессуалдық шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданатын болады.