Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Өлтіремін деп қорқытқан қай дөкей?

Малды қорлап, өлтіремін деп қорқытқан. Жетісу облысында әлдекім тұтас ауылды үрейде ұстап отыр. Тұрғындар түлігі үшін уайымдап, кезінде жайылымды жекенің қолына өткізіп жіберген атқамінерлерге ашулы.

Даудың басы – Серік ағаның ала сиыры. Ауласына кіріп кеткеніне ашуланса керек, ауылдасы сиырдың көзіне бояу шашып, бүйіріне «өлтіремін» деп жазып кеткен.

СЕРІК ӘДІЛХАНҰЛЫ, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кешке осылай жазумен келді, өлтіремін деп. Жайылым жер мәселесіне вообще қатыспағам. Мұндай дау-дамай шығармаппын да, шыны керек. Мына сиырды қорлағаннан, сиырыма жаным ашыды.

Сөйтсе, ауылда мал жаятын алақандай жер бар еді, соның өзін атқамінерлер жекенің қолына өткізіп жіберген.

МИРАС ӘБУБАКИРОВ, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

1400 гектар полевной жер бар. Оның бер жағында бос жерлер болған, мал жайылатын. Тұрғындар сұрап еді, оларға бермей қойды. Красная линия деп. Енді қарасақ, оның бәрін жыртып тастаған, инвесторға бере салған.

Енді тұрғындар амал жоқ, түлігін көшеге жаюға мәжбүр.

СЕРІК ДӘРМЕНОВ, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың іші толған мал. Лақ, қозы, мүмкін емес, есігімізді аша алмаймыз. Немерелерімізбен айқаспаймыз ғой кешке дейін.

Әкімдіктің дерегінше, таулы аймақта жайылымға арналған бақандай 5 мың гектар жер бар. Одан тұрғындар да хабардар. Бірақ…

ҚАЙЫРҒАЛЫ ДУАНБЕКОВ, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тауда жер бар дейді. Жарайды, оған келістік. Бір айдан кейін оның шөбі ұшып кетпей ме? Тауға қалай жаясың оны, топыраққа айдайсың ба?

Ал ауыл жұрты малын жайған ұлтарақтай жер негізі егістікке арналған, дейді жауаптылар.

НҰРЛАН СЕРІКҰЛЫ, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Төменде 260 гектар жер болған. Оның 180 гектары егістікке жататын болған. Бірақ та ол жер иесіз жатқандықтан, ауыл малы жайылатын ол жерге. Былтыр инвестициялық жоба аясында жаңағы 180 гектар жерді заңдастырды.

Бірақ қазір жер бөлімімен бірлесіп, бұл жайылымды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал неге әу баста, сатылмай тұрып, бұл мәселе ауылдағы ағайынның пайдасына шешілмеген десе, бүкіл шенеуніктің жауабы бір: «Ол маған дейін болған нәрсе. Қалай алғанын мен жауап бере алмаймын».

Дегенмен, бәрі ойдағыдай болып, жоспар бойынша 150 гектар жер қайтарылса, жалпы аумағы 230 гектар жер тұрғындардың игілігіне беріледі деп әкімдіктегілер сендірді. Енді бастысы, бұл уәдесі құр сөз күйінде қалмаса болғаны.

← Барлық жаңалықтар