Шымкентте 13 млн теңгенің аяқ киімін ұрлаған күдікті ұсталды. Қорап-қорап тауарды тиеп алып келе жатқан жүргізушінің ниеті жол-жөнекей бұзылса керек. Діттеген бағытымен жүрмей, басқа жаққа бұрылған. Сөйтіп, ретін келтіріп, сыбайласы екеуі тауардың бір бөлігін түсіріп алыпты. Затының кешіккеніне секемденген иесі бірден полицияға арызданған. Жедел іздестіру нәтижесінде жүк көлігі қаладан табылған. Ал тексеру кезінде аяқ киімдердің толық емесі анықталыпты. Күдікті қолға түсіп, материалдық шығын толық өтелген. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.