Алматы облысында суши жегендер жаппай уланды. Боралдай кентіндегі базардың аумағында орналасқан дәмханадан тамақтанғандар әуелі құсқан, сосын іштері өтіп, кейбірінің дене қызуы көтеріліп кетіпті. Сөйтіп, бірінен соң бірі 19 адам ауруханаға түскен. Бәрінің бір дәмханадан ауқаттанғанына көздері жеткесін, құзырлы органдар бірден оның жұмысын уақытша тоқтатып тастаған. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
ТЕМІРЛАН АЙТБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, шайындылар және қызметкерлер тексерілуде. Болған жағдайдың себептері туралы мәлімет тек тексеру аяқталғаннан кейін жасалады.