Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Суши жегендер ұшынып қалды

Суши жегендер сұлқ түсті. Лоқсып құсып, іштері өтіп, денелері қызып, ауруханадан бір-ақ шықты. Алматы жақта жапон тағамын бір жерден алып жеген 65 адам осылай дәрігерлердің алдына жеткізілді. Қазіргі күйлері қалай? Клиенттері уланып жатқан қай кафе?

Талай жұртты әуре-сарсаңға салған дәмхана Боралдай кентіндегі базарда орналасқан. Осында келіп суши жегендер мен оны тапсырыспен алдырғандардың денсаулығы бірінен соң бірі сыр беріпті. Солардың бірі – Владислав Новиков. Үйге алдырып, сушиді тұтынғаннан кейін өзін жайсыз сезінген. Ал пицца жеген балаларына түк болмаған. Отбасында 7 адам уланған. Тіпті емшектегі баласына дейін іші өтіп, қызуы көтерілген.

ВЛАДИСЛАВ НОВИКОВ, БОРАЛДАЙ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз сағат алтыларда тамақтандық. Түнгі сағат екілерде жағдайымыз нашарлай бастады. Таңертең жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер дәрі егіп берді. Одан кейін емханаға жүгіндік. Улану деңгейі өте ауыр, ешқандай дәрі көмектеспей жатыр. Ішіміз судай ағып, екі күннен бері тамақ іше алмай отырмыз. Дене қызуымыз 40 градусқа дейін көтеріліп жатыр.

Жаппай уланудан кейін жергілікті билік дәмхананың қызметін бірден тоқтатқан. Ал тұрғындар үнемі келгенді ұнататын едік, осы оқиғадан кейін жоламаймыз деп отыр.

НҰРИДА НҰРҚАСЫМ, БОРАЛДАЙ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді осыдан кейін күдік бар менде. Самый главный тамақ қой бізде. Келмейміз деп ойлаймын осыдан кейін.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер көмегіне 65 адам жүгінген. Олардың 29-ы амбулаторлық емге жіберіліп, 36-сы ауруханаға жатқызылған. Астан ұшынғандар тағы тіркелетін болса, Еңбекшіқазақ ауданына жөнелтеміз деп отыр.

ЛЕЙЛА СЕРІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

36 адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда олар Қарасай және Іле аудандық ауруханаларында ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайлары орташа. Жағдайлары ауыр, хал үстінде жатқандар жоқ.

Әзірге жұрттың нақты неден ұшынғаны белгісіз. Мамандар сынама алып, зертханаға жіберіпті. Сараптама қорытындысынан соң белгілі болады.

МҮСІЛІМ САҒАДИЕВ, ІЛЕ АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Зертханалық зерттеу үшін тамақ өнімдері мен шикізат сынамаларын және қызметкерлерді кенеттен тексеру жүргізіледі. Болған жағдайдың себептері соңғы тұжырымдары тексеру аяқталғаннан кейін және зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғаннан кейін жасалады.

Ал дәмхана қожайынымен тілдесу мүмкін болмады. Ал қызметкерлері клиенттерінің нақты неден уланғанын білмейміз деп отыр. Зардап шеккендерге қаржылай және дәрі-дәрмекпен көмектесіп жатырмыз деп ақталды. Ал улану азық-түліктен болса, дәмхана қызметі мүлдем тоқтатылуы ықтимал.

← Барлық жаңалықтар