Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Тараз аспанын қою түтін басты

Тараз аспанын қайтадан қара түтін торлады. Ал оның мүңкіген иісінен тұрғындар тыныстай алмай қалды. Ақшыл бұлт әп-сәтте қара түске боялып, жұрттың үрейіне үрей қосты. Қаланы жайлаған қою түтін қайдан шықты? Айналаны кім бықсытты?

Қаланы түтін басып, жағымсыз иістің жайлауы әдеттегі жағдайға айналған. Әсіресе, шаһар шетіндегілер бұл көріністі жиі байқайды. Амалсыздан өткір иіспен тыныстайды. Мұрындарын жауып, ауызбен ауа жұтса да, жұрт өңештерін қарып өтетінін айтады.

САБЫРЖАН БАҚБЕРГЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өртеніп жатыр. Төле бидің аяғы тұман, көрінбей жатыр. Иіс қалаға келіп жатыр. Енді не істейміз? Бұрын да біз істеп жүргенде мұндай өрт болмаған. Өрт болса үйден шыға алмай қаласың ғой, иісі жаман ғой.

Жергілікті биліктің мәліметінше, тілсіз жау кеше түс ауа өздігінен тұтанған. Қоқыс полигонындағы жалын әп-сәтте 2 гектар аумақты шарпып өткен. Оны сөндіруге 41 өрт сөндіруші мен арнайы 13 техника жұмылдырылғанымен, жалынды тоқтату оңайға соқпаған. Қас қарайғанға дейін жанған.

ДАМИР ЖАМАНБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өртті қолдан жасамаған. Бұл жерде енді белгісіз себептер мен құтылар бар, шишалар бар, содан пайда болып отыр. Күннің ыстығы да әсер етіп отыр. Қазір біздің басты мақсатымыз – өртті сөндіру.

Мамандардың айтуынша, полигондардың жыл сайын отқа орануы оңтүстік өңірлердегі өзекті мәселе. Қазіргі таңда ел аумағындағы шамамен 3 мың қоқыс тастайтын орын болса, соның 20 пайызы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді дейді. Сондықтан бұл бағытта озық технологияларды кеңінен енгізбесек, ауаның ластану деңгейі арта береді деп отыр.

ЛАУРА МАЛИКОВА, ТӘЖІРИБЕШІЛ ЭКОЛОГТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Жаздың кезінде, әсіресе осындай өрт шығады. Ол жаңағы сол полигонның ішіндегі метанның жиналуынан болады. Сондықтан барынша Швецияның, Данияның басқа да озық елдердің тәжірибесін пайдаланып, метан газдарды экстракция жасап бөліп алуды, осы қалдықтарды жағып, одан энергия алуды қолға алу керек.

Экологтар да оқиға орнынан барып, ауадан сынама алды. Оның қорытындысы алдағы аптада дайын болмақ. Айта кетейік, аймақта салалық басқарма жарты жыл ішінде 118 заңсыз қоқыс орнын анықтаған. Экологиялық талаптарды бұзғандарға қатысты 44 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырып, 238 миллион теңгеден аса айыппұл салған.

← Барлық жаңалықтар