Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Сайрамда бар сансыз мәселе

Өркениеттен өгей қалған ағайын арнамызға шағымын жеткізді. Түркістан облысындағы жұрт жарығы әлсіз, суы аз, жолы лай мен батпақ кешуден көз аштырмайтын ауданның басшылығына өкпелі. Тіпті облыс әкімдігіне дейін барып, хатты қарша боратқан бұқара базынамызды естір құлақ жоқ деп жыларман. Төзімі таусылып, тауы шағылған тұрғындармен тілшіміз сөйлесті.

Сайрам ауданына қарасты Әйтеке би ауылында 760 шаңырақ бар. Айрандай ұйып отырған тұрғындардың тұрып жатқан жерінен түртсең проблема шығады. Аптапта басты бас ауруы – ауыз су мәселесі болыпты. Жалғыз су мұнарасынан тіршілік нәрін алып отырғандар жарытып су іше алмаймыз деп ашулы. Тіпті түстен кейін шұлдырап, дұрыс ақпайды дейді. Сондықтан кір жуғыш техникаларын қоса алмайды. Жарытып өздеріне жуына алмайды.

Жауаптыларға жағдайларын айтса, осылай келемеждейтіндері де шымбайларына тиіп бітіпті қара халықтың. Судан бөлек жарықтың жағдайы да мәз емес. Екі күннің бірінде сөніп қала беретін электр энергиясына арзан трансформатор орнатылған дейді. Ал ол 4 жылдан бері жарыққа жауаптылардың меншігіне өткізілмепті. Көше жарық шамдары да жоқ болғандықтан қаңғыбас иттер қаптап, бала-шағасын еркін ойнатуға да үрейленіп қалған.

ЖАНҒАЛИ МЫРЗАМҰРАТОВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Общий свет өшкен кезде РЭС-тен звондасақ, келіп жөндеп жатады. Сол моментте басқа ауылдан звондаса, біздікін тастап кетіп қалады. Біздің светті жақ десек, сіздер біздің баланста жоқсыздар дейді. Қыстың күні 2-3 суткіге дейін свет болмаған кездер болды даже.

БАУЫРЖАН ҚОЖАМҰРАТОВ, САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Свет нөл. Иттер өткенде балдарды талаған күндер де болды, балдарды магазинге жіберуге қорқамыз. Нанға жіберсек, нанынан жұлып алады или жабысады иттер. Ол қаңғыбас иттің көптігі плюс жарықтың жоқтығы.

Елді мекен ішіндегі жолдардың жайын айтып, біраз адам қартайыпты. Асфальт емес, тас төсеп беруді сұрап жүргендеріне талай жыл болған. Тиянақты істелмегендіктен тұрғындар өздері ақша жинап, шағал тас төсеп алған. Енді соны да реттеп берсін деп талап қойып отыр. Ал тұрғындар бас көтеріп, шу шығарған соң жауапты шенеуніктердің тайлы-тұяғымен жетіп келді. Бірақ екі тараптың әңгімелері жараспай қалды.

ИНТЕРШУМ: «Сен үйтіп айтпа. Конкретно сөзіңе жауап бер. Еркексің бе, сөзіңе жауап бер. Болды, жауап беремін»

Ел шулаған соң ауылға жаппай жетіп келген жауаптылар ақталып әлекке түсті. Жүргізілген жарық жүйесі түрлі себеппен есепке алынбай келді деген олар, екі айда балансымызға аламыз деп уәде береді. Ал екі жыл бұрын 40 миллионға салынып, жарты жылдан бері қосылмай тұрған мына су мұнарасын бір аптадан қалдырмай қоспақшы екен. Сонымен мәселе шешіледі деген шенеуніктер коммуникация жүйесін реттемей жатып, жер үлестірген бұрынғы әріптестеріне өкпелі.

ЕРКІН МОМЫНӘЛИЕВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мысалы, осы 76 гектарға деп айтайық, жалпы 100 пайыз инфрақұрылыммен қамтылғаннан кейін барып жер телімі таратылуы тиіс, чтобы осындай жағдай алдағы уақытта халық шырылдап су жоқ бізде деп айтпас үшін, бірінші инфрақұрылым тартылуы керек. Алайда бұл жерде бірінші таратылып кеткен.

Енді осы берілген уәдесі тағы да сиырқұйымшықтанып кетсе дейді тұрғындар.

← Барлық жаңалықтар