Елімізде зейнетке шығудың шарттары өзгереді. Енді азаматтардың жасымен қатар, олардың 40 жылдық еңбек өтілі де ескерілуі мүмкін. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, барлық ұсынысты талқылап жатыр. Әзірге бірнеше нұсқа бар. Мәселен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тиісті төлемдерді жалақы мен еңбек өтіліне байланысты есептеуді ұсынып отыр. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті жарналарды екі бөлікке бөлу қажет дейді. Дәлірек айтсақ, 4 пайызын қызметкердің жеке шотына бағыттап, қалған 1 пайызын сақтандыруға жіберу керек деген пайымда. Ал депутаттар зейнетке шығудың жаңа шарты ретінде міндетті 40 жылдық еңбек өтілін енгізген жөн деген ұстанымда. Алайда бұл айтылғанның бәрі әзірге ұсыныс қана. Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Әрі азамат зейнетке шыққан кезде оны жеткілікті қаржымен қамтуға мүмкіндік береді.