Қарулы күштеріміздің абыройы артып келеді. Сөзсіз, сенімді армия – ел қауіпсіздігінің кепілі. Ал жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін генералдар ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бүгін Ақмола облысының Щучинск қаласында «Айбын-2026» халықаралық әскери шарасы басталды. Осымен 12-ші рет жалауын желбіреткен маңызды жиынға еліміздің әр өңірінен және Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстан сынды алыс-жақын мемлекеттерден 53 команда келді. Арнайы форма киген жас сарбаздар өңірдегі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында бас қосты. Енді алдағы 7 күн бойы жауынгерлер өзара сайысқа түседі. Мұнда темірдей тәртіп үстемдік құрған. Жастар осы оқу қалашығында дайындықтарын пысықтайды, әскери дағдылар бойынша өзара бақ сынасады.
АСҚАР МҰСТАБЕКОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұның ауқымы өсіп келе жатыр, әскери-патриоттық жиынымыздың. 2018 жылы балалар мен жасөспірімдердің «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысын ашуға осы «Айбын» серпіліс берді. Сондықтан мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде «Жас сарбаз» қозғалыстары құрылып, қазір мыңдаған сарбаздарымыз осы жерде патриоттық тәрбие алып жатыр деп айтуға болады.
Жалпы, биылғы доданың бағдарламасына әскери-спорттық сайыстардан бөлек, зияткерлік және шығармашылық жарыстар да қосылған. Сондай-ақ жасанды интеллект бойынша сарбаздар өз біліктілігін ортаға салады. Бұдан бөлек, жастар ұлттық спорт – асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды ойындардан өзара кім мықтыны анықтайды. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды жиындар жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру жолында маңызы зор екенін айтып отыр.