Бас қалаға мәртебелі мейман келсе болды, ресми кортежді мінсіз жарақтанып, мотоцикл мінген полицейлер күтіп алады. Бірақ оның басы-қасында жүрген сақшыларды көпшілік біле бермейді. Олар — Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының эскорт взводы. Бөлімшені бес жылдан бері полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереев басқарады. Ол әке жолын жалғап, бұл қызметке келуді бала кезінен армандапты. Сөзінше, бүгінге дейін 200-ден астам маңызды іс-шараның кортежін бастаған. Взводтың ең басты парызы – ресми делегациялар мен шетелдер басшыларының сапарын қорғап, жол бастау. Осы уақытқа дейін есте қалғаны Рим папасының сапары дейді. Жоспарда болмаса да, Ватикан елінің басшысы мотоцикл мінген 14 инспектормен арнайы қоштасып, әрқайсына жеке-жеке медаль табыстаған. Қызметінен бөлек, Ринат Сәлімгереев үш қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Тұңғыш қызы да болашақта оның жолын жалғап, тәртіп сақшысы болуды армандайды екен. Айта кетейік, бүгін, 23 маусым елімізде полиция қызметкерлерінің кәсіби мейрамы.