Мазмұнға өту
· 7 қаралым

«Айбын – 2026»: биылғы ерекшелігі қандай?

Бурабайдың баурайында айбынды ұран жаңғырып, жалынды жастардың басы қосылды. Көкшетау төрінде халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өз жұмысын бастады. Биыл осымен 12-ші мәрте жалауы желбіреген дода ТМД елдерінен жиналған ең үздік, ең намысты жас сарбаздардың күш-жігерін сынайды. Құрыштай төзім мен темірдей тәртіп салтанат құрған айтулы шараның ең қызықты сәттері мен рухты атмосферасы.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Темірдей тәртіп, құрыштай төзім және жүректегі Отанға деген шексіз махаббат! Көкшетаудың асқақ аспанын айбынды ұранға бөлеген халықаралық жастар жиыны дәл қазір басталды. Сарыарқаның төрінде, Бурабайдың баурайында басталған бұл доданың биыл шоқтығы биік. Себебі тарихы терең, тағылымы мол «Айбын» жиыны биыл осымен 12-ші мәрте жалынды жастардың басын қосып, өзінің мүшелді белесіне шығып отыр.

Биыл жыл сайын дәстүрге айналған әскери жоба түрлі елдің қыз-жігіттерін Бурабайдың баурайына жинады. ТМД мемлекеттерінің жас сарбаздары спорт, интеллектуалды сайыс, сондай-ақ жаңа қабылданған Конституциямыз жайында да сұрақтарға жауап берді. Ал өзге елден өзінің ата қонысын көруге асығып, армандап келген жас өрендер де бар. Соның бірі – Хасан. Ташкенттегі қазақ ауылында туып-өскен жігіт Хасан қазақ елінің қонақжайлығына дән риза.

ХАСАН АБДУРАШИДОВ, ӨЗБЕКСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен Өзбекстаннан келіп жатырмын бұл жаққа. Бірінші мәрте келіп жатырмын. Айбын жарысында бізді жақсы күтіп алды. Біз бұл жаққа дос арттыруға келдік. Құдай қаласа, жақсы орын алып кетуге әрекет жасаймыз.

Жігіттермен иық тіресе тартысып, үздіктердің қатарынан табылуға асығатындардың арасында қыздарымыз да бар. Олар ер азаматтар әсте жасай бермейтін түрлі қиын жаттығуларды меңгеріп, оқ бойы озып шығу үшін өз өңірінен іріктеліп келгендер. Солардың бірі – Аружан. Ол «Айбын» әскери-патриоттық жиынына 5 рет келіп тұр. Бұған дейін 4 рет қатысып, үздік «Жас сарбаз» атағына да ие болыпты. Қазір әскери медицина саласында жоғары білімін жалғастыруда.

АРУЖАН МАТОҚТАНОВА, КУРСАНТ:

Жалпы осы Айбын жиынына 5 рет келіп тұрмын. 2022-2023 жылы қатысушы болсам, ал 2024 жылы еліміздің «Үздік жас сарбазы» атағын алғанмын. Және мен курсант ретінде осы Айбын жиынына шақырылғанмын. Мен үшін үлкен мәртебе.

Аружан секілді көзінде оты, бойында жігері бар жастар бүгінгі «Айбын» жиынының басты мақтанышы. Ал мұндай ауқымды жиынның жас сарбаздарды тәрбиелеудегі стратегиялық рөлі туралы Қорғаныс министрлігі де ерекше атап өтті.

АСҚАР МҰСТАБЕКОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл шараның маңызы – біздің салауатты, білімді, Отанына адал қызмет ететін жас патриот, жасөспірімдер тәрбиелеу болып саналады.

Бұл тек күш сынасар майдан емес, жүрегі Отан деп соққан жалынды жастардың серттескен киелі белесі. Көк тудың астында сап түзеген, қадамы нық, жанары отты осынау өрендер барда елдің іргесі бекем, айбыны асқақ болмақ.

← Барлық жаңалықтар