Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Әкім демалысқа кеткенде ауыл сусыз қалды

Қарағанды облысының Қушоқы кентіндегі тұрғындар құбырдан қара су емес, кофе ішетін күнге жетті. Бірақ бұл қараша халықты қуантып отырған жоқ. Өйткені жаңадан тартылған су құбырынан тіршілік нәрі емес, түсі қоңыр, өзі лай қою сұйықтық ағып тұр. Ішу түгілі, жуынуға жарамайтын тіршілік көзінің дымға пайдасы болмай шықты.

Бұқар жырау ауданы, Қушоқы кентінің шыдамы таусылған тұрғындары базынасын айтты. Ми қайнаған ыстықта екі апта сусыз отыр екен. Қаталаған жұрт жуынып-шайынудан да қалыпты. Әкімдік 1963 жылы салынған құбырлардың тозығы жетуіне байланысты өңірдегі сумен қамту жүйелерін толық жаңартқан. Алайда жергілікті халықтың айтуынша, жаңа желіге қосылғалы бері үйлердегі краннан тек лай су ағып тұр екен.

СӘТИ АСАНОВ, ҚУШОҚЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Су да бір ақ камушка сияқты, домалақ сияқты болды, таң қалдым. Неменеге қосып жатыр? То қап-қара су келеді, то грязный. Мен әйтеуір автоматтан аламын даладан. Қап-қара су анау не ішуге, не жууға келмейді, ана су.

Тіпті жергілікті әкімдік тек тілшілердің келетінін естігенде ғана қимылдай бастаған. Олар ауылға су таситын арнайы көлік алдыртып, халыққа уақытша тіршілік көзін жеткізген.

ЖАНАРА ТКАЧЕНКО, ҚУШОҚЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін әкімшілік қызметкерлері, журналистер келеді деген соң, дүкендердің есігіне жаңа құбырдан қосылған су жарамсыз, ол суды ішуге, жуынуға пайдалануға болмайды деген хабарламаны жабыстырып бастады. Ал бізге осыдан екі апта бұрын судың жарамсыз болғанын ескертуге болар еді.

Халық қара суға зарығып жүргенде Қушоқының әкімі қаннен-қаперсіз еңбек демалысында жатқан көрінеді. Шөлдеген жұрттың айқай-шуың тыңдауға әкімдіктің өкілі шықты. Ашулы халықты әдеттегідей сабырға шақырған атқамінер осы аптаның соңына дейін тіршілік нәрін үй-үйге жеткізіп береміз дейді.

БАҚТИЯР ЖАҢБЫРБАЕВ, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазір біз негізгі трассаны жуып-шаю жұмыстарын жүргіздік. Осыдан кейін әр үйде бұл іспен айналысатын жауапты аға слесарь бар. Қазір негізгі трассаны қостық, енді ол жертөлелер арқылы өзінің ішкі жүйесін, яғни үй астындағы құбыр желісін толық жуып шығады. Содан кейін барып үйлерге суды нақты қосамыз. Осы аптаның соңына дейін бұл мәселені толық шешеміз деп ойлаймын.

Лауазымды тұлғалар жағдайды түсіндіруге тырысқанымен, халықтың шыдамы таусылуға шақ тұр. Мұндай уәделерді бұқара бұған дейін де талай естідік дейді.

← Барлық жаңалықтар