Ақтөбеде шетелдегі демалысыңды естен кетпестей етіп ұйымдастырып берем деп уәдені үйіп-төгіп, туристерді алдап соққан адамға қатысты тергеу басталды. Күдікті жұртты шырмауына әлеуметтік желіде түсірген екен. Көз арбайтын жарнамасында: «Әуе билетің мен қонақ үйіңді сайлап қоямын, тек ақшаңды алдын ала төлесең болғаны», — деп сендірген. Қаржы қалтасына түскен соң құдайын ұмытып, айтқанынан тайқып кеткен. Ісі болып жатқан 37 жастағы жігіт қазір үйқамақта отыр. Полицияның мәліметінше, «ант-су ішіп берген уәдесі жалған, шытырлатып санап берген ақшамыз арман болды» деген 70-тен астам жәбірленушіден арыз түсіпті. Олар бас-аяғы 32 миллион теңге шығынға батқан көрінеді.
ҚАЙЫРБЕК ЖОЛАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
Ол жарнамалар мен өзге де ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы туристік сапарларды ұйымдастыру мүмкіндігінің бар екеніне сендіріп, өз қызметінің сенімділігі туралы жалған пікір қалыптастырған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.