Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Электрлі самокат айдаушыларға талап күшейеді

Екі дөңгелекті құралды 18 жасқа толған әрі жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана айдай алады.

1 шілдеден бастап электрлі самокаттарды пайдалану ережесі қатаңдайды. Жаңа талаптарға сәйкес, екі дөңгелекті құралды 18 жасқа толған әрі жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана айдай алады. Оларды жалға беру сервистеріне де қосымша міндеттер жүктелмек.

Шілде айынан бастап электрлі самокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдайды. Жаңа ережеге сәйкес, екі дөңгелекті құралды айдау құқығы тек 18-ге толған азаматтарға беріледі. Сондай-ақ, самокатпен жүретіндердің міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы керек. Алайда жаңа заңның талаптарымен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі — алматылық студент Арсен Серіков. Оның сөзінше, бұл құрал жастарға өте ыңғайлы. Ал өзгерістер енгізілсе, біразымыз жаяу қалуымыз мүмкін дейді.

АРСЕН СЕРІКОВ, СТУДЕНТ:

Самокатқа бола жүргізуші куәлігі қажет деп ойламаймын. Себебі ол көлік емес, автобус емес, басқа да ірі көлік құралы емес. Велосипедпен теңестірілетіндей, сағатына максимум 25 шақырым жүретін қозғалыс құралы. Сондықтан оған жүргізуші куәлігі қажет деп санамаймын. Енді, әрине, заң шығып жатқаннан кейін заңға бағынамыз. Самокат айдауды доғарамыз немесе жүргізуші куәлігін алуға тура келеді.

Жаңа ережеге сәйкес, жалға беретін компанияларға да талап күшейеді. Енді олар әр самокатқа тіркеу нөмірін тағуға міндетті. Осылайша, жол ережесін бұзғандар бірден базаға тіркеліп отырады.

АРМАН ЕРБОЛҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Жүргізуші куәлігің болмаса немесе жасың 18-ге толмаған болса, онда электрлі самокатты пайдалана алмайсың деген өзгеріс енгізгелі жатыр. Одан бөлек, сақтандыру енгізіп, кикшеринг компанияларына қосымша міндеттемелер жүктегелі жатыр. Толыққанды көлік құралы ретінде қарастырмақ. Тіпті оған Әкімшілік кодекстің 608-бабы да енгізілуі мүмкін. Ол не деген сөз? Егер электрлі самокатты масаң күйде айдайтын болсаң, жүргізуші куәлігінен айырылуың мүмкін.

Ал тұрғындардың басым көпшілігі жаңа бастаманы қолдайды. Олардың пікірінше, бұл жолдағы тәртіпті күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етпек.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ:

Өзінің бір тәртіптері болса, кәмелетке толмаған жастарға шектеу қойса екен. Себебі жасөспірімдер үлкен жылдамдықты жақсы көреді, бірақ ол кезде апатқа ұшырап қалуы мүмкін. Жастардың мінгені дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені олар жол ережесін сақтауды ұмытып кетуі, машинаға соғылып қалуы мүмкін. Самокаттарды 18 жастан асқандарға ғана беру керек. Қазір айдап жүргендердің көбі кішкентай балалар, әлі тәжірибесі жоқ.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде 35 мыңнан астам электрлі самокат бар. Өткен жылдың өзінде самокат жүргізушілерінің кінәсінен 374 жол апаты тіркеліп, үш адам қаза тапқан екен. Енді жаңа ережеге сәйкес, компаниялар арнайы сақтандыру шартын жасауға міндеттеледі.

АРАЙ ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Жалпы, электрлі самокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шартын жасауға міндетті болады. Бұл электрлі самокаттарды пайдаланушы кінәлі болған жағдайда, жол-көлік оқиғалары салдарынан оларды қорғайтын болады. Электрлі самокаттарды тіркейтін заңды тұлғалар, яғни кикшеринг компаниялары, тізілімін жүргізіп, Ішкі істер министрлігіне жіберіп отырады.

Демек, жаңа цифрлық жүйе арқылы самокаттардың қозғалысы, жылдамдығы және орналасқан жері бақылауда болады. Осылайша, жүйткіген құралдарды айдағандардың арасынан ережеге бағынбағандар айыппұл арқалайды. Мамандардың айтуынша, мұндай өзгерістер ең алдымен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

← Барлық жаңалықтар