1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптардың бағдарламасы өзгереді. Енді бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізілмек. Бұл балалардың санау, оқу және жазу дағдыларын жүйелі қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін жас ерекшеліктеріне қарай оқу бағдарламалары қайта қаралған.
Математика пәнінің практикалық бағыты күшейтіліп, күрделі теориялық тақырыптардың көлемі қысқартылған. Оқу жылының басы мен соңына «Өткенді қайталау» бөлімдері енгізілген.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Тілдік пәндердің мазмұны да айтарлықтай жаңартылды. Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа ұзартылып, оны оқытуға 84 сағат бөлінді. Сонымен бірге «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта 102 сағат көлемінде оқытылады. Оқу бағдарламаларында ауызша сөйлеу мәдениетін, мәтінді түсіну, оқырман сауаттылығы мен жазбаша коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар күшейтілді.
Өзгеріс мұнымен бітпейді. Жоғары сынып оқушылары да қыркүйектен бастап жаңа пәндермен танысады. 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң мен тәртіп» пәні қосылмақ. Оған қоса «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі. Ал келер жылы 8–9-сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәні қайта оралады.