Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Әлеуметтік төлемді кімдер алады?

Халықтың табысы жыл сайын 2–3 пайызға артып, ең төменгі жалақы мөлшері көбейеді. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин біраз уәде берді. Сондай-ақ жиында мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік көмек жайлы сөз қозғалды. Жауаптылар енді қазынаның ақшасын шүлен таратқандай бөліп бермейді. Адамдардың табысы мен шығысын есептеп, басқаша үлестіреді.

Әлеуметтік төлемдер бұдан былай бұрынғыдай жаппай үлестірілмейді. Енді жауапты министрлік әр отбасының табысы мен шығысын нақты саралап, көмекті шынайы мұқтаж жандарға бермек. Жаңа жүйе бойынша санаттық тәсіл кезең-кезеңімен қысқарып, басты назар табысы төмен, әлеуметтік осал топтарға аударылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бұл өзгеріс бюджет қаржысын неғұрлым әділ әрі тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Келесі кезең — eGov Mobile қосымшасында үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыру және банктермен, Қаржы министрлігімен, кредиттік бюролармен интеграциялау арқылы деректер құрамын кеңейту. Бұл отбасылардың нақты табысын, шығысын және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік береді.

Министрдің ұстанымын Үкімет басшысы Олжас Бектенов те қолдап, бюджеттен бөлінетін қаражаттың нақты мұқтаж азаматтарға ғана жетуі керектігін ашық айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жалпы, елімізде әлеуметтік көмектің көпдеңгейлі және атаулы жүйесі қалыптасқан. Көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Мемлекеттің барлық базалық әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Еңбек министрлігі цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет.

Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың нақты табысын жыл сайын 2–3 пайызға өсіру көзделгенін айтты. Жалақы өсімі несие мен шағын қарыздарды жабуға кетіп қалмас үшін инфляцияны тежеуге ерекше көңіл бөлінбек. Сондай-ақ азаматтардың шамадан тыс қарызға батпауын бақылау күшейтіледі. Министр ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі де қарастырылып жатқанын атап өтті.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені азайту және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының 2–3 пайыздан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ халық табысының жоғарылауына экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар ықпал ететін болады.

Алдағы уақытта жауапты министрлік айлықтан айлыққа әрең жетіп, табысын түгелдей несиеге жұмсайтын азаматтардың жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Осы ретте Олжас Бектенов халықтың әл-ауқатын нығайту үшін биыл инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейде ұстап тұруды міндеттеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, сондай-ақ инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы жүзеге асыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Отандық өндіріске қолдау көрсету, нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, сақтау инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту шараларын, сондай-ақ баға саясатын реттеу және «Инвестицияларға тапсырыс беру» құралдарын толық іске асыруды жалғастыру қажет.

Сондай-ақ Үкімет отырысында газдандыру мәселесі көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов бір ай ішінде көгілдір отын тарату желілерін кеңейту бойынша жоспарды жаңартуды тапсырды. Жалпы, елді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

← Барлық жаңалықтар