Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Созақ жұртына көңіл бөлетін біреу бар ма?

Аса қымбат пайдалы қазбаның ортасында отырған халық инфрақұрылымға жарымай жатыр. Уран өндіретін жер Созақ ауданына қарасты Тайқоңыр елді мекенінде не жарық, не жол, не кәріз жүйесі, тіпті ішетін таза су да жоқ. Тұрғындардың айтуынша, ауылдары не әкімдікке, не кәсіпорынға қарамайды екен.

Созақ ауданының ең шалғай ауылындағы инфрақұрылым мәселесі бұдан 4-5 жыл бұрын пайда болған. Тұрғындар уран өндірілетін жерде отырғанымызбен, жағдайымыз мәз емес дейді. Тайқоңырлықтар алдымен ауыз суға жарымай отыр. Су ұңғымасы дәл полигонның ортасында екен. Салдарынан денелері қышып, мазалары қашқан. Сондықтан оны қышқыл қоспалары тарамаған жақтан қазып беруін сұрайды. Оның үстіне кәсіпорында жұмыс істейтіндердің өзі бұл судан ішпейтін көрінеді. Сонымен қатар, тіршілік нәрін сағаттап беруді әдетке айналдырып алыпты.

САПАРҒАЛИ ОҢДЫБАЕВ, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтырдан бері шығып жатыр. Мал дегеннің аяқтары, тұяғы түсіп қалып жатыр. Сиырлар жүре алмай қалып жатыр. Оны әкеліп көме салатын кім бар? Судың әсері ғой. Әйтпесе тұяқ бекерден-бекер түспейді ғой. Бізден басқа жерде ондай жоқ қой.

Тағы бір мәселе – ауыл ішіндегі күл-қоқыстардың тазаланбауы да тұрғындардың бас ауруына айналыпты. Тұрмыстық қалдықтар соңғы бір жарым айда шығарылмапты. Жауаптылар тек түсірілім тобы келген кезде ғана қимылдап, жұмысқа қызу кірісіп кетті. Елді мекеннің ішіндегі жолдың сиқы тіпті көңіл көншітпейді.

СЫНАБЕК КӨПБЕРГЕНОВ, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жол мәселесі енді нашар. Анау арғы шеттен біреуін салды, мынаны салды. Осы жерде өздері жолды істеп алды, бұрып алды биылға. Былтыр, алдыңғы жылы көшеге салып кеткен асфальт.

Сондай-ақ ауылда электр мәселесі де өзекті. Бағаналары ескі, сондықтан жарық үп еткен желге сөніп қала береді екен. Қордаланған проблеманың бірі – тозығы жеткен кәріз жүйесі. Сарқын су ауылдың әр жерінде ағып, жиналып қалған.

ГҮЛВИРА ОСПАНОВА, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Елге су керек, елге свет керек. Мына жерде центральный канализация бұрын да қазылған, осы жердің халқына деп. Сол центральный канализация құрылғылары бері уже қанша жыл өтіп кетті. Міне, состояниесін көріп тұрсыздар, оны ешкім тазаламайды. Мына мәселенің бәрін алдыңғы әкімге де айтқанбыз. Суды да қосады, енді өшірмейді. Оның бәрі ештеңе істеліп жатқан жоқ.

Ал жауапты шенеунік тұрғындардың тізбектеген мәселелерін рет-ретімен шешуге тырысып жатырмын деп ақталды. Тайқоңырдағы 4,3 шақырымдық жолдың 2,8 шақырымына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арнайы орын белгіленеді деп отыр. Ал күл-қоқысты тасуға арнайы техникалар шығарып, аптасына бір мәрте тазалауға уәде берді.

МАРС ӘБІЛ, ҚЫЗЕМШЕК КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Тайқоңыр елді мекені ішіндегі толықтай канализацияны ауыстыру қыруар қаржыны талап етеді. Енді біз алдағы уақытта тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді тұрғындардың барлығы септик қазып, есік алдынан соған ауысуы қажет.

50-60 жылдық тарихы бар елді мекен тұрғындары әкімдіктің көзінен таса қалмасақ деп отыр. Онымен қоса, ауылдағы жалғыз медициналық пунктке білікті дәрігердің қажет екенін жеткізді. Себебі «балтыры сыздап, басы ауыратын» болса, анализдерін қалаға жіберіп, қорытындысын бірнеше күн күтеді екен.

← Барлық жаңалықтар