Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Құстар ән салғанда

Астаналықтар қазір ұйқысынан көңілді оянады. Бұрын терезенің сыртында желдің уілінен басқаны естімейтін елордалықтар табиғаттың тірілгенін сезіп, ерекше күйге бөленіп жүр. Бас қалада құстар көбейіпті. Таң алагеуімнен бұлбұл шырқаған, көкек шақырып, қараторғай шырылдайды. Астананы тауы жоқ тас қала дейтін алматылықтардың өзі аң-таң. Қанаттылар қайдан келді? Мегаполистің экожүйесі қалай өзгеріп жатыр?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Астана бұрын тек зәулім ғимараттарымен ерекшеленсе, бүгінде оған құстардың әуені қосылды. Қазір оларды тек саябақ пен жағалаудан емес, қарапайым тұрғын үй аулаларынан да жиі байқауға болады. Бұл жай ғана кездейсоқтық па, әлде елорда экожүйесіндегі үлкен өзгерістің белгісі ме? Не десек те, бас қалада қанаттылардың көбейгенін қала жұртшылығы да растап отыр.

АҚМАРАЛ КЕРІМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кеше түнде араладық. Көлдің бетіндегі аққуларды, үйректерді тамашаладық. Көбейіп жатыр. Балапандары жүр қасында. Өте керемет.

АБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Астанада қазір паркте құстардың дауысын көп естіп жүрмін. Ағаштардың арасынан шығады. Өзіме күшті әсер әкеледі. Яғни жан дүниең демалады.

Расымен, құстардың елорда аспанын әнге бөлеуі астаналықтардың жанына шуақ сыйлап, көңіл-күйін көтергені анық. Алайда бұл жай ғана кездейсоқ құбылыс емес. Қаладағы құстардың популяциясын жіті бақылап, олардың жүйелі есебін жүргізуге жауапты мекеме мамандары да бүгінде білек сыбана іске кіріскен.

НӘРҚЫЗ МАХМЕТ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Астана қаласының құстарының санағын өткіземіз. Әрбір санақшыда өзінің белгілі бір территориясы болады. Сол территорияда айына кем дегенде екі рет, екі сағат жүріп өтеді. Және ол жерде жасыл зона қамтылады, тұрғын үйлер қаралады. Сол бойынша үшінші жыл зерттеу жүргізіп жатырмыз. Зерттеу уақытында ғана 90-нан астам түр кездестірген, тіркелген.

Қанаттыларға деген қамқорлық тек ғалымдардың ғана емес, қарапайым халықтың да басты назарында. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде де қиындыққа тап болған құстарды құтқару мен оларды мейіріммен бақылау сәттері бейнеленген видеолар көбейген.

Табиғаттың осынау әсем жаратылысын жай ғана тамашалап қоймай, оны фотообъектив арқылы сөйлетіп, желі қолданушыларының сүйіспеншілігіне бөленген жандардың бірі – фотограф Әнел Мұқашева. Ол қала қарбаласында көпшіліктің көзіне түсе бермейтін, тасада қалатын сирек қанаттыларды таспалап жүр.

ӘНЕЛ МҰҚАШЕВА, ФОТОГРАФ:

Жалпы, мен бала кезімнен табиғатқа, әсіресе құстарға қызығып өстім. Сондықтан бұл іс мені бірден баурап алды. Құстардың басым бөлігін Кіші Талдыкөл маңынан кездестірдім. Сондай-ақ Президент саябағы, Ботаникалық бақ және Астананың Орталық саябағы сияқты демалыс орындарында да жиі бақылаймын. Құстар маған шабыт сыйлайды. Өйткені әр құстың өзіндік ерекшелігі бар. Мінез-құлқы, қауырсынының түсі, дене бітімі – бәрі бір-біріне ұқсамайды. Осындай алуантүрлілігі мені ерекше қызықтырады әрі шабыттандырады.

Десе де, бас қаланың көркіне айналған құстардың болашағына алаңдаушылық білдіретіндер де бар. Эколог Лаура Маликова елорданың жасыл желек жүйесі мен қанаттылардың тұрақты тұрағына тікелей әсер ететін өзекті мәселені көтерді.

ЛАУРА МАЛИКОВА, ЭКОЛОГ:

Топырақтың тұздануына қатысты. Егер «Астана тазалық» мекемесі экологиялық кодекс талаптарын өрескел бұзып, ары қарай да қысқы уақытта тұзды қолдана беретін болса, Астана қаласында жасыл желек түгілі басқа өсімдіктің өспей қалуына әкелуі мүмкін. Ол жалпы халықтың көңіл күйіне кері әсерін тигізеді. Микроклиматқа да кері әсерін тигізеді. Ағаштары көп қала мен жасыл желегі жоқ қаланың температурасында үлкен айырмашылық болады.

Құстардың елорданы тұрақты мекен етіп, ұя салуына қолайлы жағдай жасау – қала құрылысын жоспарлаушылардың да басты назарында. Бүгінде Урбанистика орталығы жасыл аймақтарды жобалау барысында құстардың тезірек пана тауып, қоректенуіне септігін тигізетін ірі ағаштарды отырғызуды қолға алған.

АЯУЛЫМ МАХМУД, УРБАНИСТ:

Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан қарқынды көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде құстар мен басқа да жануарлар үшін қолайлы орта қалыптаса бастады. Әрине, бұл бағытта қаланың әлі де дамитын тұстары бар. Кейде саябақтар мен шағын гүлзарларды жаңғырту кезінде бұрыннан өсіп тұрған жасыл желек алынып, орнына жас көшеттер отырғызылады. Алайда мұндай ағаштар құстардың қоректенуі мен ұя салуына бірден қолайлы бола бермейді. Біз Урбанистика орталығында саябақтар мен гүлзарларды жобалау барысында бірден ірі, жетілген ағаштарды отырғызуды қарастырамыз.

Астананың ажарын ашқан қанаттылар қала экожүйесінің тірі индикаторы. Сондықтан табиғаттың осынау әсем жаратылысына аялап, оларға қамқорлық таныту – әрбір қала тұрғынының азаматтық парызы. Бас қаламыздың әуені үзілмей, құс қанаты талмайтын жасыл мекенге айналуы өз қолымызда.

← Барлық жаңалықтар