Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Домбыра, жылатасың, жұбатасың!

Екі ішектің бірін қатты,бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес,  қазақ нағыз – домбыра. Иә расында, домбыра  қазақтың жанын сөйлеткен, тарихын шерткен, рухын тірілткен киелі мұра. Қасиетті аспаптың құрметіне арнайы мереке де бекітілген еді, міне содан бері 8 жыл уақыт өтіпті. Уақыт жылжыған сайын бұл күннің мәні де артып, мазмұны да кеңейіп келеді. Қара домбыраның күмбірі бүгінде тек елімізде ғана емес, шекара асып, әлемге таныла бастады. Биыл мереке қалай тойланды?

2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні биыл да ел көлемінде айрықша сән-салтанатпен тойланды. Жыл өткен сайын бұл мерекенің мазмұны мен мағынасы тереңдеп, тың бастамалармен көпшілікті сүйсіндіріп келеді. Атаулы датада жаһанның түкпір-түкпірінде күй күмбірі төгіліп, қазақтың қара домбырасы төрге озады. Мәселен, биылғы мерекеде Атырау жұртшылығының тартуы таңдай қақтырды. Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай мыңдаған қатысушы бірігіп, дара тұлғаның бейнесін сомдаған көркем композиция жасады.

Күйдің қасиетін қастерлеген ақтөбеліктер де ұлттық мерекені айрықша сәнмен қарсы алды. Бұл жолы өңірдің кәсіби музыканттары мен жас домбырашылары бір сахнада тоғысып, 1500-дей адам домбыра шертті. Қос ішектен төгілген Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Адайы», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы», Айтқали Жайымовтың «Шалқымасы» көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Тағы бір ерекше сәт Шым қалада болды. Мереке күні дүниеге келген алғашқы нәрестеге қазақтың төл мұрасы – қара домбыра сыйға тартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бұл игі бастамасы ұлттық құндылыққа деген құрметтің бесіктен басталатынын айшықтай түсті. Айта кетейік, дәл осы күні Шымкент қалалық перзентханасында 22 сәби өмір есігін ашыпты.

ГҮЛЖАН СҮГІРБАЕВА, ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Домбыра – қазақтың жаны, ұлттық рухтың айқын символы. Бұл қасиетті аспап сәбидің өмірінде әрдайым бірге болып, оның бойына елге, жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңірсе деген ниет бар. Себебі домбыраны меңгерген адам өз ойын, сезімін сөзсіз-ақ күй арқылы жеткізіп, ішкі әлемін әуенмен өрнектей алады.

Иә, тізе берсек, Ұлттық домбыра күні әр өңірде өзіндік өрнегімен есте қалды. Арнайы ұйымдастырылған концерттер мен мәдени кештер өз алдына ғой. Бірақ күтпеген жерден болған тосын сәттер тіпті бөлек. Мәселен, Астанадағы автобус паркінің бақылау қызметкері мереке күні қоғамдық көлікте тексеріспен емес, қолына домбырасын ұстап кіріп, жолаушыларды таң қалдырды. Полицейлер де мерекеден қалыс қалмады. Күндіз-түні қоғамдық тәртіпті күзетіп жүретін олар бір сәт өнерге бет бұрды.

Айтпақшы, Ұлттық домбыра күні тек елімізде ғана емес, дүние жүзінде кеңінен атап өтілді деуіміз бекер емес. Бұл мерекеге орай әр елде түрлі акциялар мен челлендждер ұйымдастырылып, қазақтың қара домбырасының үні шекара асып, әлемге тарады. Мәселен, көрші Қытайда ұлттық аспапқа деген құрметті айшықтаған мәдени бастамалар өтіп, құттықтауларын жеткізді.

Айта кету керек, домбыраның әлемге кеңінен танылуына қазақтың маңдайына біткен ұлы Димаш Құдайбергеннің де қосқан үлесі зор. Оның өнеріне тәнті болған көптеген шетелдік жанкүйер ұлттық аспабымызды үйренуге ынталанған. Солардың бірі – чилилік Андреа Карито.

Осылайша, бұл мерекенің жыл сайын мазмұны толығып, ауқымы кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы да домбыраны ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын асқақтататын баға жетпес рухани мұра деп жоғары бағалаған болатын.

← Барлық жаңалықтар