Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Ерекше балаға көзқарас өзгеруі керек

Қоғамдық көліктерде ерекше балаларға түсіністік танытуға шақыратын постерлер ілініп жатыр.

Автобустағы ауыр сөздер мен үрке қараған көздер. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікте мұндайды жиі көреді. Онсыз да қамкөңіл жүрген жандарға бұл оңай емес. Бірі түсінсе, бірі түсінбеуі мүмкін. Тіпті «балаң үстін бүлдірді», «шулады» деп сын айтып, одан сайын жанын жегідей жейді. Перзенті үшін шырылдап жүрген ата-аналар қоғамның көзқарасын өзгерту жолын қарастырса дейді. Қазақстандағы аутизм ассоциациясы ата-аналарды толғандырған мәселені шешудің жолын тапқан. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен бірігіп қоғамдық көліктерге арнайы ақпараттық постерлер іле бастады. Бұл танымдық парақшалар жолаушыларды түсіністік пен сабырға шақырады дейді. Мақсат — халықтың ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерту және олардың әлеуметке бейімделуіне жағдай жасау.

КӘМШАТ ШОРА, АТА-АНА:

Ерекше баланың анасы ретінде айтайын дегенім, осындай постерлер өте жақсы идея деп ойлаймын. Себебі қоғамдық орындарда жүрген кезде көбіне адамдардың көзқарасы, көзқарасы былай тұрсын, кейбір кісілер сөйлеп қалып жатады. Баланың әдепсіз қылықтары деп ойлайды. Бірақ ол ондай әдепсіз қылық емес. Ерекше бала болғандықтан олар бір түсініксіз қылық көрсетуі мүмкін. Сондай кезде осындай постерлер жақсы идея.

Бұл бастама қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға жасалған нақты қадамдардың бірі. Мемлекет те соңғы жылдары инклюзивті қоғам құруға басымдық беріп, ерекше балалардың білім алуы мен қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды күшейтіп келеді. Ал мұндай ақпараттық жобалар заңдағы өзгерістердің қоғам санасындағы өзгеріске ұласуына ықпал етеді.

← Барлық жаңалықтар