Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Тараптардың тартысы

Заречный тұрғындары мемлекет мұқтажы үшін алынатын жерге ұсынылған өтемақы көлеміне келіспей отыр.

Астанадағы үлкен Заречный ауданы тарих қойнауына кетуі мүмкін. Себебі мемлекет ол жерді өз меншігіне алып, үйлерді сүріп тастамақшы. Орнына Жоғары аудиторлық палатаның ғимараты салынады. Ал жергілікті халыққа өтемақы ретінде 150 млн теңгеден бермекші. Алайда тұрғындар әкімдікке ашуланып, келіспей отыр. Айтуларынша, тұрып жатқан баспаналарының нарықтық құны жерімен қосқанда 500 млн теңге шығады екен. Енді бұл дау қалай шешіледі?

Инна Соловьёва мүмкіндігі шектеулі бала бағып отыр. Оған қажет оңалту орталығы, арнайы мектеп, емхана мен серуендейтін саябақтың бәрі осы маңда. Жылы жерімді суытып, қаңғып кететін жайым жоқ дейді. Айтуынша, әкімдік ұсынған өтемақы жаңа баспана алуға жетпейді.

ИННА СОЛОВЬЁВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге әкімдік үйіміздің мемлекет мұқтажы үшін сүрілетіні туралы ресми хабарлама берді. «Мемлекет мұқтажы» дегенді заңнан хабары бар адамдар жақсы түсінеді. Яғни, мұнда әлеуметтік нысандар салынады деп ойладық. Сөйтсек, Жоғары аудиторлық палатаның ғимараты салынады екен. Қазіргі ұсынылып отырған өтемақыға осы ауданнан бар болғаны бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Ал біздің отбасымызда ерекше күтімді қажет ететін бала бар, өзіміз үш ересек адамбыз. Ұсынылған баға тым төмен.

Тұрғындардың шулап жүргені осы. Мемлекет мұқтажы үшін жерді босатып беру керек. Бірақ төленетін сомаға тек шағын пәтер келеді. Кең баспанасын, үлкен жерін тастап, бір бөлмелі пәтерге көшуге келіспейді.

САМАЛ АУШАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дәл қазір 3 отбасы тұрады. Әрқайсысында 18-ге толмаған балалар бар. Қайнағамда 4 немересі, қайнымда 4 баласы бар. Менің 2 балам бар. Сонымен, 18-ге толмаған 10 бала бар. 152 млн беріп тұр. Біз бұны 5 семьяға бөле алмаймыз. Ала алмаймыз. Ол жерден біз кетпейміз. Бағана берген сомаға, оны бөлген кезде, дым да қалмайды.

Зильфира Кадагидзе бұл үйде отыз жылдан бері тұрады. Заречныйға бас қалаға қажет деп ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіле басталғалы біраз болды дейді. Алғашқыда мемлекетке шет жақтағы 148 шаршы метр ғана қажет делінген. Алайда уақыт өте келе бүкіл үйді сүріп, жерді толықтай алу туралы шешім қабылданған.

ЗИЛЬФИРА КАДАГИДЗЕ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз неге тек сол 148 шаршы метрді ғана алмайсыздар деп сұрадық. Бақшамның бір бөлігін ғана алады деп ойлағанбыз. Толық аламыз деді. Алғашында үйімізді 92 миллион теңгеге бағалады. Біз тәуелсіз бағалау жасаттық. Олар мүлкіміздің құнын 500 миллион теңге деп шығарды. Кейін өтемақыны 150 миллион теңгеден сәл ғана асатын сомаға дейін көтерді. Бірақ мен әуел бастан-ақ бұл бағамен келіспейтінімді сотта айттым. Ал олар мәжбүрлеп отыр.

Ал құзырлы мекеме тұрғындардың «жерімізді тартып алып жатыр» деген уәжін жоққа шығарды. Жерді мемлекет мұқтажы үшін алу заңға сәйкес жүргізіліп жатыр. Заречный елді мекенінің бұл бөлігіне Жоғары аудиторлық палатаның жаңа ғимараты салынбақ. Ал өтемақы көлемін мемлекеттік сатып алу арқылы іріктелген тәуелсіз бағалау компаниялары айқындайды.

АЛЕКСАНДР СТРОЧКОВ, «ҚАЛАЛЫҚ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК» МКК ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жер телімі бөлінбейді. Заң бойынша солай. Толық аламыз. Егер меншік иесі жер телімінің бір бөлігін ғана алсын десе, сотқа жүгінсін. Сондай-ақ әрбір меншік иесіне заң талаптарына сәйкес ресми хабарлама жолданды. Онда жерді мемлекет мұқтажына алу тәртібі мен меншік иесінің барлық құқықтары нақты көрсетілген.

Қысқасы, бас қаланың көрнекті ауданындағы үйлерін толық сүруге тұрғындар қарсы. Ал әкімдік ұсынған қаражат мөлшеріне қанағаттанбайды. Тартысқан тараптардың қандай мәмілеге келетініне уақыт төреші.

← Барлық жаңалықтар