Мазмұнға өту
· 38 қаралым

Аптап ыстықтың беті қашан қайтады?

Синоптиктер аптап ыстықтың қай өңірлерде бәсеңдейтінін айтты.

Аптап ыстық алқымнан алды. Көшеде емін-еркін жүрудің өзі қиындап кетті. Күннің көзі қыздырған сайын басы айналып, қан қысымы көтеріліп, күн өтіп, әлсірегендер көбейді. Жыл он екі ай салқын самалы есіп тұратын ерке Есілдің жағасында да қапырық. Ауа температурасы өткен ғасырдың рекордтарын жаңартып жатыр. Астананың желі қайда кетті?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Шілденің шіліңгір ыстығы жұртты әбден есеңгіретіп жіберді. Әдетте дәл осы мезгілде самал желі есіп тұратын Астанада бүгін қапырық. Қалада ауа температурасы +36 градусты көрсетіп тұр. Күннің қызуы жерді күйдіріп, төбеден түскен сәуле өңменнен өтердей. Қыз-қыз қайнаған тіршілікке үйренген көшелерде бүгін адам қарасы да сиреген. Көпшілік салқын жерді паналап, кондиционердің жанынан ұзамауға тырысады.

Шынында да, далаға шыққан сәтте-ақ күннің қызуы қатты сезіледі. Әйтеуір бұқара көлеңке іздеп, қолдарына мұз қосылған су алып, тіршіліктің қамымен жүр. Астанада талай жылдан бері тұратын тұрғындардың сөзінше, көптен бері мұндай ыстық болмапты.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Астана енді… Көп жылдар бойы мұндай жаз болмаған ғой. Қаншама жылда бір келетін ыстық деп ойлаймын. Өте қолайсыз қазір, ыстық.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өзім бірінші рет келіп тұрмын Астанаға. Бірақ бұрыннан бері Астанада мұндай ыстық болатынын естіген жоқпын.

Иә, елордадағы ауа райы биыл әдеттегіден бөлек. Қақаған қысымен, дүлей дауылымен, ызғарлы желімен ерекшеленетін бас қалада қыс жұмсақ өтіп, ал жаздың алғашқы айлары ыстықпен есте қалып отыр. Күннің көзі қарып, ауа температурасы жоғары деңгейге көтерілді. Мамандардың айтуынша, бұған Таяу Шығыс аймақтарынан тараған ыстық ауа себеп.

АҚНҰР АИТБАЕВА, ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК:

Мұндай аптап ыстықтың болу себебі бізге Ираннан келетін құрғақ және ыстық ауа массаларының әсерінен. Мұндай аптап ыстық көбінесе оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерінде сақталады. Ол аптап ыстықтың беті 16 шілдеден бастап еліміздің солтүстік, солтүстік-батыс өңірлерінен бастап қайтады.

Арайлы Алматыда да күннің қызуы бәсеңдер емес. Соңғы күндері аспанды бұлт торлағанымен, көпшілік күткен жаңбырдың бір тамшысы да тамған жоқ. Қапырықтан тынысы тарылған жұрт салқындаудың амалын іздеп, өзен-көлдер мен субұрқақтардың маңын шарлап жүр.

Ал бұл — шырайлы Шымкенттегі көрініс. Көптен бері жауын жаумаған оңтүстік өңірді аптап ыстық алқымнан алып тұр. Тұрғындарды салқындатудың бір амалы ретінде өрт сөндірушілер орталық көшелерге су сеуіп жүр. Ал Қошқар ата өзенінің жағалауында, тіпті, ине шаншар орын жоқ. Таң сәріден бері аптаптан сая іздеген жұрт жағалауға ағылып, бірі суға шомылып сергісе, енді бірі өзен жағасында саялап отыр.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйде кондиционер қосып, кешке дейін демаламыз. Одан кейін кешкі салқынмен тірлігімізді істейміз, таңғы салқынмен де.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз қатты ыстықтасақ, осы Қошқар ата өзеніне түсіп, салқындап, одан кейін үйге барып, кондиционердің астында демалып жүре береміз.

Күннің күрт ысуы дәрігерлердің де жұмысын еселеп, жедел көмекке жүгінгендер қатары артқан. Әсіресе, қан қысымы көтерілгенін айтып, шағымданатындар жиілеген. Ақ халаттылар мұндай кезеңде жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтар мен егде жастағы адамдарға ерекше сақтық қажет екенін ескертеді.

АМАНГЕЛДІ САРАЙ, ТЕРАПЕВТ ДӘРІГЕР:

Қазіргі ыстық ауа райы кезінде адам ағзасы қалыпты дене температурасын сақтау үшін өте көп күш жұмсайды. Ол кезде адам терлейді. Терлеудің салдарынан адам көп су және минералды тұздар жоғалтады. Жалпы қан қысымының төмендеуі, жүрек соғысының жиілеуі, естен тану сияқты ауыр белгілер болуы мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ыстықтың беті қайтады. Бірақ бәрінде бірдей емес. Тек солтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, тіпті бұршақ түсуі мүмкін. Ал оңтүстік пен шығыста Өзбекстан аумағынан келетін құрғақ ауа массаларының ықпалынан ыстық ауа райы сақталады. Қалған аймақтарда күн құбылмалы болуы мүмкін.

← Барлық жаңалықтар