Абайлаңыз, аптап ыстық келе жатыр. Қазіргісі ештеңе емес, ертеңнен бастап бірқатар өңірде ауа температурасы +40, ал оңтүстікте термометр бағаны 46 градусқа дейін көтерілмек. Синоптиктердің болжамынша, ми қайнатар ыстық үш күнге созылады. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын аса сақ болуға шақырды. Әсіресе, денсаулығында кінәраты бар жандардың күн астында ұзақ жүрмегені абзал. Жүрегі нашарлар үшін де алдағы ыстық оңайға соқпайын деп тұр.
САЛТАНАТ НАЗАРОВА, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Күн өту ұзақ уақыт күн сәулесі тікелей түскенде болады. Ал жылу соққысы бүкіл ағзаның қызып кетуінен пайда болады. Ол тек күн астында емес, ыстық әрі желдетілмейтін жерде немесе көлікте де болуы мүмкін. Егер адам қатты қызып кетсе, күн жылу соққысына ұласуы ықтимал.
Шілденің шіліңгір ыстығы алматылықтарға қиын тиюде. Екі аптаның ішінде қалада 30 мыңнан астам адам жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Бәрінің шағымы бір: ыстықтан қан қысымы көтеріліп, созылмалы ауруы бар азаматтардың жағдайы нашарлаған. Ал дәрігерлер күндіз, әсіресе 11:00 мен кешкі 17:00-ге дейін далада бей-берекет жүрмеуге кеңес береді.