Мазмұнға өту
· 26 қаралым

Ірі қараға індет келді

Ақтөбе облысында ірі қара белгісіз індеттен қырылып жатыр. Әсіресе Ырғыз ауданының Құрылыс ауылындағыларға оңай соқпай тұр. Тұрғындардың айтуынша, сиырларды шетінен теңкитіп жатқан ауру маусым айының соңында басталыпты. Содан бері 50 шақтысы өлген. Індетке ұшыраған малдардың аузынан көбік ағып, қалтырап, орнынан тұра алмай жатыр екен. Шарасы таусылған жұрт ауру малын қорасында ұстап, қолында бар дәрі-дәрмегімен амалдап отыр. Тезірек бірдеңе істемесе, қалғанынан айырылып қаламыз ба деп қорқады.

АЙГҮЛ САРИНА, ҚҰРЫЛЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір сиырым екі-ақ күн иімей қалды да, сүт шықпай қалды да, үшінші күні өлді. Докторлар келді, келгенімен ешбір себебін айтпады. Лабораторияға жібердік деп, комиссиясы келіп кетті. Ештеңе шешпейді. Енді сіздерден сұрайтынымыз, сырттан адам жіберіп, әлде де қаратасыздар ма? Жалғыз біздің малымыз емес, осы жақта қаншама адамның: бір үйде жеті бас, бір үйде сегіз бас малы өліп жатыр.

МЕЙРАМГҮЛ ЖАЛҒАСБАЕВА, ҚҰРЫЛЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менікі он екі күн дегенде өліп тұр. Бір күнде екі сиыр беру оңай емес. Және екі сиырым тағы ауырып тұр. Нәтижесін сараптаманың шығарып, нақты диагнозын қойса, біз сол дәрі-дәрмегін тағы да алар едік.

Мамандар індетке шалдыққан малдан алған сынаманың қорытындысын облыстық ветеринария басқармасының мамандары бүгін жария етті. Улану, пастереллез секілді диагноздар расталмапты. Мүйізді ірі қараны сұлатқан дерт — тейлериоз деп отыр.

КҮЛСАРА ЖАҚЫПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Ырғыз ауданында 21 маусым мен 21 шілде аралығында 49 бас мүйізді ірі қара өлген. Ауру малдан алынған зертханалық сынаманың қорытындысы тейлериоз дертін анықтады. Бұл қоздырғыш малға кенеден жұғады. Адамға қаупі жоқ. Тейлериоз кезінде карантин жарияланбайды. Ауру малға арнайы препарат егу қажет. Бұрын-соңды мұндай індет облыс аумағында тіркелмеген.

← Барлық жаңалықтар