Өзен-бұлағы көп таулы аймақта тұратын ел тіршілік нәріне зәру. Түркістан облысында 12 ауыл малымен бірге арықтың суын ішуге мәжбүр. Себебі келіп тұрған құбырдағысына жуынудың өзі жиіркенішті. Бірнеше жылдан бері бас ауруына айналған мәселеден шаршаған жұрт ақыры жанайқайын журналистерге жеткізді.
МЕДЕТ БЕКТҰРОВ, ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Міне, су жоқ болғандықтан, колонкада су жоқ болғандықтан арық суын мәжбүрміз қолдануға. Беті-қолымызды жуамыз. Ыдысымызды жуамыз. Бала түсінбейді, іше салады.
Төле би ауданындағы ауыл тұрғындары үшін қара су қасқалдақтың қанындай болып тұр. Таза тіршілік нәріне зар. Содан кейін осылай арық суын қолдануға мәжбүр.
АБАЙ ҚОПАЛОВ, ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Арықтың басында «Сайрам су» дейтін демалыс аймағында шомылып та жатыр, басқа қылып та жатыр. Ағын судың арамдығы жоқ деп алып жатырмыз. Көлігі барлар таза судан амалдап жатыр. «Сайрам судың» жанында кішкентай бұлақтар бар. Сол жерден алатындар алады. Мал су ішкен жерден қазір халық су ішіп жатыр.
Тұрғындардың сөзінше, өңірде су тапшылығы жоқ. Алайда құбырлар жаңбыр жауса болды, лай-батпаққа толып, бітеліп қала береді екен. Содан су не ақпайды, не ластанады. Он жылдан бергі әлегіміз осы дейді.
Ал жоқтың орнын толтыру үшін әкімдіктегілер суды арнайы көлікпен әкеледі. Бірақ ол да жетпейтін көрінеді.
АЙСҰЛУ АҒАБЕКОВА, ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Судың үстінде отырмыз да, бірақ суға зар болып отырмыз. Төле би ауданы. Бүкіл жерге демалыс аймағын соғып тастаған. Қалдық суларын біз ішеміз. Мен деген бір водовоз ішем, 12 бала-шағаммен. Шомылуға ұят та болса айтайын, «Сайрам суға» барып жатырмыз, көпірдің астына. Мочалкамызды, сабынымызды апарып, сол жақта жуынып-шайынып жатырмыз. Баяғы 18–17 ғасырдың адамдары сияқты.
МҰХТАР БИМҰСАЕВ, ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
1 млрд 700 млн ақша бөлінді дейді. Осынша мемлекеттік ақшасына шығын келтіріп отыр. Дәл мына жерді қазсаң, қазір су шығады. Суда мәселе жоқ. Қазір мына жерді қазып, башня тұрғызып, су беру деген екі аптаның көлемінде бітетін шаруа. Қазір дамыған технология.
Ал әкімдіктегілер өңірдегі 12 елдімекенде ауыз су мәселесі шешілмегенін мойындады. Түйткілді жаңа су тазартқыш нысан салу арқылы ретке келтірмек. Оған дейін әзірге бар құбырды тазалап, судан тарықтырмаймыз деп уәде етті.
ҒАЛЫМЖАН ТӨЛЕГЕНОВ, ТӨЛЕ БИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мұнда мәселе трубалардың бәрі толып қалған ғой. Жауын-шашын кезінде трубаның бәрін толтырып тастайды. «Ленгір су» өзінің қаражат есебінен, тариф есебінен тазалап отырады. Қазір 70 шақырым, 250 диаметрлік нитка әкелген. Екеуі де толып қалған. Бір аптаның ішінде Қанарақ елінен Қазақстанға дейін тазалап бітеді. Сонымен халыққа су беріледі. Әлеуметтік нысандарға жіберіп жатырмыз: садик, мектеп, халыққа да жеткіліксіз әлі. Енді қосымша қосамыз ертең. Бір апта тазалап біткенше, водовоздармен су беріп отырамыз.
Бірақ жергілікті халық «жуық арада шешіледі деген» осындай құрғақ уәдені естігелі бері 10 жылдың жүзі болды деп ашынады. Сондықтан құр сөзден гөрі, тезірек іске кірісуді талап етіп отыр.