Мазмұнға өту
· 6 қаралым

6 адамның өлімі: арнайы комиссия құрылды

Алты адамның неден опат болғанын арнайы комиссия анықтайды. Павлодар облысындағы қайғылы жағдайдан соң Үкімет басшысының тапсырмасымен шенеуніктер іске кірісті. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Марқұмдардың жақындарымен кездесуге ведомство басшысы Асқарбек Ертаев та барыпты. Ол қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтқан. Мәселен, жұмыс беруші қаза тапқан қызметкерлердің жалақысын жылдың соңына дейін сақтап, жақындарына беріп тұрады. Олардың несиелерін де өтейді. Бұдан бөлек, компания марқұмдардың балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін бағып-қағуы мен оқуына кететін шығындарды да өз мойнына алып отыр.

Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді. Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

Еске салайық, 20 шілде күні Жоламанда тұратын алты жұмысшы ауыл іргесіндегі сүт зауытының кәрізін жөндейміз деп ажал құшқан еді. Марқұмдардың төртеуі бір әулеттен: әкесі мен екі баласы және біреуі сол отбасына жиен екен. Тағы бір ер адам ауруханаға жеткізілген. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

← Барлық жаңалықтар