Павлодар облысында дүлей дауылдан қираған инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр. Күні кеше қатты құйын ойнап, үйлердің шатырын қаңбақша ұшырып еді. Алып ағаштарды тамырымен қопарып, тіпті ауыр техниканы да төңкеріп тастады. Енді билік осының бәрін жөндеуді бастады.
Успенка ауылының тұрғыны Ясмина Дәуітханова «мұндай сұмдықты бұрын-соңды көргем жоқ» дейді. Құйындатып соққан қатты дауыл ата-анасының үйінің шатырын жұлып әкеткен. Тіпті қабырғадағы ауыр кірпіштер мен есік алдындағы әжетхана да желге төтеп бере алмапты. Абырой болғанда, өздері де, қорадағы мал мен құс та аман.
ЯСМИНА ДӘУІТХАНОВА, УСПЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Шынымен де торнадо өткендей болды. Қатты желден тік тұрған құйынның ортасында қалып қойдық. Дауыл екі терезенің шынысын шағып тастады. Үйдің ішінде жел улеп кетті.
Осы елді мекен тұрғыны Рашид Керимов құйын соққанда ауыл шетінде мал бағып жүріпті. Оның да үйі дауылдың тырнағына ілікті. Шатыры ұшып кеткен, электр есептегіш құралдың сиқы мынау. Үй иесінің айтуынша, баспананы толық қалпына келтіруге кемі 5 миллион теңге керек.
РАШИД КЕРИМОВ, УСПЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен мұндай сұмдықты елу жылғы өмірімде көрген емеспін. Ауылдың сыртында жүргенде көтерілген құйын мені айналып өтіп, елді мекенге кірген ғой. Осы жерде екінші құйынмен түйісіп, үйлердің быт-шытын шығарып тастапты.
Құйынның салдарынан осы маңдағы төрт ауыл жарықсыз қалды. Қазір электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Көшелерді құлаған талдардан тазалауға жергілікті фермерлер көмектескен.
Кәсіпкерлер ауылдастарының үйлерін жөндеп беру үшін 8 миллион теңгеге құрылыс материалдарын сатып алыпты. Жалпы, зардап шеккендердің әрқайсысына мемлекеттен 430 мың теңгеден төленбек.
АЙТОЛҚЫН ҚАЙЫРОВА, ҚОҢЫРӨЗЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Ауылдық округтегі 35 үйдің үштен бірі демеушілер есебінен жөнделетін болады, өйткені оларға қатты зақым келген. Қалғандарына келген шығын аз болғандықтан, әркім өз үйін өзі жөндейді. Ол үшін мемлекеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай көмек қарастырылған. Бұл ақша шатырды қайта жабуға жетеді.
Қатты дауылдың кесірінен Екібастұз түбіндегі Құдайкөл мен Ақсу қаласы маңындағы Қалқаман ауылында төтенше жағдай жарияланды. Бұл елді мекендерде құйын мектеп пен мәдениет үйінің қасбетін жұлып, көпқабатты екі үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Одан тыс 47 жер үй де жабынсыз қалыпты.