Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 19 қаралым

Конституциядағы отбасы мәселелері талқыланды

Елімізде отбасын қорғау кепілдіктері жаңа Ата Заңда нақты бекітілген. Ал сол ережелер дұрыс жұмыс істеуі үшін не істеу керек? Бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Конституциялық Сот және өзге де мемлекеттік органдардан жиналған сарапшылар осыны талқылады.

Отбасы – қоғамның басты тірегі. Ол жердегі әке мен ана және бала құқықтары әрдайым қорғалатыны анық. Осы орайда жаңа Конституция аталған әлеуметтік институтты қолдау кепілдіктерін күшейте түсті. Бүгін сол кепілдіктерге талдау жүргізіліп, отбасылық саясат пен гендерлік әділеттілік мәселелері түсіндірілді.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірнеше конституциялық шешімдер осы отбасыға және отбасының құқықтарына, ата-ананың құқықтарына байланысты болды. Неке, отбасы, ана, бала барлығы мемлекеттің қорғауында болады. Неке – ер мен әйел арасындағы тең одақ және балаларға қамқорлық көрсету ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.

Ал Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Ата Заңның 30-бабы құқықтық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да орасан мәнге ие екенін атап өтті. Әрі бұл норма мәжбүрлі некенің алдын алуға, әйелдің құқықтық мәртебесін нығайтуға бағытталғанын жеткізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев ата-аналардың құқықтары мен баланың мүддесін қорғау ісінде де бұл баптың маңызды екеніне тоқталды.

АРТУР ЛАСТАЕВ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

Мысалы, біз конституциялық істердің бірінде бала күтімімен демалыста болған ата-анаға әлеуметтік кепілдіктерді беру кезінде олардың құқықтары тең болмайтынын аңғарып, осы қағиданың бұзылғанын, соған назар аудару керектігін сұрадық. Сонда Конституциялық сот бала күтімі бойынша ата-аналардың қай-қайсысы демалыста болса да, сол кезең бойынша зейнетақыны есептеу міндетті түрде бірдей есепке алынуы керек деген ұстанымымызды қолдады.

Сондай-ақ жиында Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева алименттік құқықтық қатынастардағы Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын таныстырды. Ол балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығына тоқталып, алимент өндіру мәселелері бойынша қабылданған конституциялық-құқықтық шешімдердің мазмұнын түсіндірді. Ал саясаттанушылар осы қағидалар мен принциптер орындалуы үшін қолдау орталықтары нығайып жатқанын айтты.

НАЙЛА МҰХТАРОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

Бүгінгі күні осы отбасын қолдау орталықтарында кейс-менеджмент бекітілген. Бұл дегеніміз нақты әрбір отбасының қандай да бір кикілжіңді мәселеге ұшырап, қиындыққа тап болып жатса, сол менеджер сол отбасының нақты мәселесімен айналысады және одан басқа қандай мәселе бар екенін анықтап, ары қарай басқа мемлекеттік органдармен шешуге тырысып жатыр.

Бұдан бөлек кездесуде қатысушылар отбасын қолдау шараларын дамыту бойынша басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, бүгінде елімізде 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді екен. Жыл басынан бері бұл мекемелерге 50 мыңнан астам адам жүгінген. Енді сарапшылар осыған қатысты әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмекті әрмен қарай кеңейте түспек.

← Барлық жаңалықтар