Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Қолаңсадан зәрезап болғандардың жанайқайы

Қызылордада 150 отбасы көшеде босып жүр. Жұрт пәтерді жайлаған қолаңса иістен безіп кетті. Небәрі екі жыл бұрын ғана кезекте тұрған мұқтаж жандарға берілген баспаналардың қазір есік-терезесі тас жабық. Олардың қатарында мүгедек жандар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.

Мына үйдің жертөлесі аузы-мұрнына дейін толы. Тұрғындар көшіп келгелі көрген күніміз осы деп налиды. Баспананың асты толып кеткен соң, сасық су сыртқа ағып жатыр. Бес қабатты екі үй 2024 жылғы мамырда берілген. Сол уақыттан бері пәтер иелері кәріз жүйесімен алысып келеді екен.

ЗӘМЗЕГҮЛ ЖАҒЫППАРОВА, ТАСБӨГЕТ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол 2024 жылдан бері кәріз жүйесі екі сайын бізде осылай толып, сыртқа ағып, проблема болады. Үйде отыру мүмкін емес, бірінші, екінші этаж адамдары. Үйге боқтың иісі кіреді. Одан қалды терезе мен есікті ашсақ, даладағы ағып жатқан кәріз судың иісі кіреді.

АҚСҰЛТАН МҰСАБЕКОВА, ТАСБӨГЕТ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің терезем мынау бетте. Сасып, аңқып жатыр, амал жоқ, не істеймін мен оған? Менің шамам жоқ, жастардың барлығы айтып жатыр ғой. Келіп жатқан адам жоқ, көріп жатқан.

Әбден дегбірі қашқан жұрт қалалық су жүйесі мекемесіне хабарласыпты. Ондағылар «бұл үйлер біздің теңгерімімізде емес» деп қысқа қайырыпты. Бұл үйлерге жауапты әзірге қалалық құрылыс бөлімі екен. Ондағылардың айтуынша, жертөледегі сорғы істен шыққан көрінеді. Тұрғын үйлер толықтай су жүйесі мекемесінің теңгеріміне өткен соң ғана мәселе түбегейлі шешіледі дейді.

САҒИТЖАН КҮРЕҢОВ, «ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ» КММ-НІҢ МАМАНЫ:

Су жүйесінің теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс осы 2026 жылдың 10 тамызына дейін жасалатын болады. Әрі қарай су жүйесінің мамандары тиісті жұмыстарды атқаратын болады.

Тұрғындар бұл уәдеге сенбей отыр. Себебі осындай сөздер екі жыл бұрын да айтылған көрінеді. Ал істен шыққан насосты мердігерлер өз қаражатына жөндемекші. Айта кетейік, биыл құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі аяқталады екен. Жақын арада су жүйесі мекемесі бұл үйлерді өз теңгеріміне алмаса, жағдайдың не болатынын ешкім дөп басып айта алмай отыр.

← Барлық жаңалықтар